15.01.2026
ЧУНЧХОНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ – БОЛАШАҚ СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАСТАУЫ
8–14 қаңтар күндері Оңтүстік Кореяның Кангвон ұлттық университетінде (KNU) Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарына арналған халықаралық оқыту бағдарламасы өтті. Оған Абай университетінің арнайы делегациясы барып қатысты. Бұл университет үшін кәсіби тәжірибе алмасуда, халықаралық серіктестікті нығайту мен білім беру бағдарламаларын жетілдіруде маңызды екені сөзсіз.
Халықаралық
іс-шараға Абай
университетінен Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің
директоры Н.Ошанова, Мектепке дейінгі білім беру және
әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұ.Қыяқбаева, Шығыс филология
және аударма кафедрасының аға оқытушысы Е.Бурмистрова арнайы барып, Кореяның жоғары білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістермен
жан-жақты танысты. Оқыту барысында шетелдік студенттерді тарту тетіктері,
дайындық бөлімдерінің жұмысы, қосдипломды және бірлескен білім беру
бағдарламалары (1+3, 2+2, 3+1), ағылшын және корей тілдерінде оқыту, TOPIK
бағалау жүйесі, сондай-ақ EMI және CLIL форматындағы сабақ үлгілері бойынша
тәжірибе алмасу жүзеге асты. Бұл бағыттардың университеттегі интернационалдану үдерісін күшейтіп, академиялық ұтқырлықты кеңейту үшін өте маңызды болғанын айта кету
керек.
Бағдарлама аясында түрлі бағыттарда екіжақты
қарым-қатынас шаралары өтті. Мәдени-тарихи саяхаттар, жергілікті билік өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы білім
беру және мәдени байланыстың тереңдей түскені қуантады.
13 қаңтар күні Чунчхон
қаласында Абай университеті делегациясы қала әкімі Юк Дон Хан және әкімдік
өкілдерімен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында университеттің халықаралық
қызметі, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және қосдипломды, бірлескен білім
беру бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар Чунчхон
қаласындағы жоғары оқу орындарымен серіктестікті кеңейту, студенттер мен
оқытушылар алмасу, ортақ ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне
ерекше назар аударды.
Қала басшылығына жылы қабылдауы үшін алғыс айтылып,
Абай университеті атынан естелік сыйлықтар табыс етілді. Бұл сыйлық өзара құрмет пен болашақтағы серіктестіктің символы ретінде
бағаланды.
KNU базасында өткен
бұл халықаралық оқыту бағдарламасы қосдипломды және бірлескен білім беру
жобаларын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық
ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалады дей аламыз.
«Abai University» медиа орталығы