08.01.2026
Қоғам айнасы - өзіміз
Өмірдің бір жазылмаған заңы – ұлылықтың тым кішіпейіл, көзге ұрып тұрар жылтырақтан ада, ішкі болмыста болатыны белгілі. Жаратылысында әрбір адам өз тіршілігі үшін және жоғары кемелдік дәрежесіне жету үшін көп нәрсені қажет етеді. Ал мұның бәріне ол жалғыз жүріп жете алмайды, сондықтан белгілі бір адам қауымына мұқтаж болады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әлеуметтік желінің адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зияны бар екені жөнінде айтқаны орынды. Жасы қырыққа жетпесе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойғандар бар екенін атап өтті.
Әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігіміздің жақсарғаны болар, бүгінде 60–70 жастағылардың өздерін әлі жаспыз деп ойлайтыны – шындық. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау жыршысы Жамбыл Жабайұлы былай дейді: Болар бала 15 жаста баспын дейді, Болмас бала 40 жаста жаспын дейді. Бұрындары 40 жасқа толғандарды «қара сақалды» деп, ал 60 жастан асқандардан ақыл сұра деп отырушы еді. Осы ұстанымдарды ұмытып кеткен тәріздіміз.
Біз, үлкен буын өкілдері, «Қартын құрметтемеу – қоғамның ең үлкен дерті, барлығы осыдан басталады» деп жиі айтамыз. Дұрыс-ақ. Ал осы олқылықтың кінәсі кімде? Көбіне желіге сілтейміз. Әлеуметтік желіде үлкен-кіші демей, ойымызға келгенді жарыса жазып, айта береміз. Сонда жік қайдан түсті?
Менің ойымша, жастарға сенім арту, оларды түрлі «қиғаштықтан» қорғау, фактілерге адал қарап, бүкпесіз, ашық түсінік беру қажет. Ол үшін жаңаша ойлау жүйесін меңгеру, мәселелерге терең сипаттама беру керек.
Біз қазір «жасанды интеллект» деп жар салып, қолға алып жатырмыз – бұл дұрыс. Бірақ ұстанымымыз бен дамуымыздың қайсысы алда? Өткенге көз жүгіртейікші: қаншама бастамалар мен реформаларымыз, әсіресе білім және ғылым саласындағы, болашаққа, адамгершілікке бағыт-бағдар беруі тиіс еді. Шетелдердің тәжірибесінен өнеге аламыз деп, кейде сараламай, дәйектемей, өзімізге бейімдемей қолдандық, ақыры жүзеге аспаған дүниелердің құрбаны болдық.
Президентіміздің «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады» деген пікірі орынды. Сондықтан уақытында қамданып, көштен кейін қалмайық. Аптықпай, байыппен алға шығайық.
Шындық пен ақиқатты бейімдеу оңай емес. Сондықтан қазіргі кезде түрлі реформаларға үреймен қарайтынымыз да осыдан. Мен де қоғам мүшесі ретінде ғұлама қаламгер Мұхтар Әуезовтің: «Алдыңғы жақсы, артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаны қайсы?» – деген даналық сөзін еске аламын.
Әркімнің жолы әртүрлі. Бірақ әркім де өзінің жеке мақсатына жету үшін ортақ «рецепт» бар десек, қайталап айтамын, ол – қажымай-талмай еңбек ету, үнемі жетілуге, өсуге ұмтылу.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде аса қарапайым, қоңыр күйде туған халқымен бірге заманның ыстық-суығына көніп, жөн сілтеген ағаларының абыройын түсірмей, өздерінің тынымсыз ізденісі мен ізгі еңбегі арқылы халық құрметіне бөленіп жүргендер де баршылық.
Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір экобелсенділер де зиян келтіріп отыр деп атап өтті Президентіміз. Бұл тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлының: «Дұрыстық пен бұрыстықты білмеген жұрт азады» деген сөзін ескерген жөн сияқты.
“Берекелі ел болса, жағасы жайлау бір көл. Жапырағы жайқалып, соқса жел бұлғақтайды. Жан-жағынан күркіреп аққан сел құйып жатса, оның малы өзгеден өзгеше өсер төл. Берекеңді қашырма, ел тыныш болса – жақсы” деп Хәкім Абайымыз айтып өткен болар.
Адамзат баласына табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас баспана. Табиғатқа су, құсқа ауа, аңға орман-тоғай, тау мен дала қандай қажет болса, Отан деген ұғым да сонша қажет. Ал табиғатты сүю – Отанға қамқор болу деген сөз. Осы қағиданы ұстансақ жарар еді. Дегенмен кей тұста асыра сілтеушілікке жол беріп жүргенімізді де мойындағанымыз жөн.
«Есіл көзден нұр тайса, бір көруге зар болар». Қазіргі және өткен кезеңдердегі экологиялық өзгерістерді зерделеу – экологиялық мәдениет, экологиялық мінез-құлық, экологиялық нұсқаулар, қоқыс мәселесі, әлеуметтік жағдайды жақсарту, білім жетістіктері сияқты ұғымдардың барлығы экологиялық жауапкершілікпен философиялық, социологиялық, салыстырмалы, құқықтық, педагогикалық салалардың бірлесе жұмыс жасауын түйіндейді. Қалай десек те, оның бір ғана жауабы бар – ол өзімізде. Жақсылықты да, ізгілікті де, сонымен бірге жауыздықтың неше түрін ойлап, жүзеге асыратын да – адам.
Қыран мен қарғаның, биік пен аласаның айырмашылығын шатастырып жүрген кейбір бизнес өкілдерінің өмірі сән-салтанатқа толы. Олар түрлі тарихи себептер мен ұлт болмысындағы ерекшеліктерге байланысты қайырымдылық, ұстанымдылық сияқты қасиеттерге мән бере бермейтіні де жасырын емес. Бұл ретте маңдай тер мен адал еңбек басты сүйеу болуы керектігін ескерткен жөн.
Әркімнің туған жері – өз Мысыры, оқыған жері – алтын ордасы. Көш жығылмай, жолаушы сүрінбей өтпейді. Сондықтан қателік пен кемшілікті мойындап, түзелгеніміз дұрыс болар.
Алла адамды бірдей жаратпаған. Бірақ адамдар арасындағы айырмашылық – бойына жиған тәрбиесінде, парасатында, адами қасиеті мен білімінде.
Президентіміз бекіткен «Мерейлі» ордені елге жанашырлық көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпкерлер мен қарапайым жандардың қоғам алдындағы абырой-беделі мен мәртебесін көтеруге септігін тигізетініне күмән жоқ.
Дүниеде ешнәрсе баянды емес. Жамандық та мәңгі емес. Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол, жақсы жаздың келмеуі мүмкін емес. Осы орайда Президент нұсқап айтқандай, Абайдың 37-қара сөзіне жүгінейік.
Жастарды рухани-адамгершілікке және патриотизм сезіміне тәрбиелеу – бүкіл халыққа ортақ міндет. Отбасылық тәрбиелілік, сабырлылық, өмірге байыппен қарау – Президентіміздің жастардың қауіп-қатерден аман болуын тілеп, жанашырлық танытуының көрінісі.
Уайдин Үмбетбай Уайдаұлы ағамыздың: «Адам өмірінің ұзындық өлшемі – ұзын жол, қысқа жол. Бәрі-бәрі жол. Өмір жолы… Жастықтың мастығы!» деген сөзі де ойға оралады. Беті аулақ, жастарымыз да, баршамыз да аман болайық. Айыппұлға ашынғанмен, тәртіпке келгенімізді де мойындағанымыз жөн. Жол ережесі, тәртіп – басты қағида болу керек. Отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс, – деп Президент орынды айтты.
Мен ұлтыммен мақтанамын. Қазақ халқы – мінез-құлқы асыл текті, кең пейілді, әлемде ең абыройлы, мызғымас күшке ие, ынта-жігері мол халық. Оған тарих куә. Ұлттық руханиятымыздың отын өшірмей, әр заманның тұлғаларын терең танып, келер ұрпақпен сабақтастыра білу – ең басты парызымыз.
Мақсатымыз – ұрпақтар жалғастығы арқылы қоғамдағы бірлікті нығайту. Ел бірлігі – басты мақсат. Қазіргі әлемде бір елдің екінші елге қауіп төндіруі, экономикалық ахуалдың ушығуы – адамзат баласына қиянатпен тең.
Рухани өміріміздің ертеңін ойлап, кемел биігіне көтереміз десек, ең басты адами ресурс – жас буын. Жастар – біздің болашағымыз.
Қазіргі жастар - өте талапшыл, әрі талғампаз. Мемлекет басшысы әлеуметтік желіде жиі айтылатын «Қазақстан прайм-дәуірге қадам басты» деген пікіріне сәйкес мынадай ой қалыптасады, “Заман сипаты: біреулерге - кешегі дәуірмен қоштасуға тура келеді. Олар үшін бұл - күйреу кезеңі. Екінші біреулерге - қалыптаса бастаған жаңа жағдайға икемдеуге тура келеді. Олар үшін бұл - өтпелі кезең. Үшінші біреулерге өлгені тіріліп, өшкені жанбақшы. Олар үшін бұл - қайта өрлеу, қайта түлеу кезеңі болса, ал төртінші біреулер үшін - атымен жаңа ұрпақтар үшін, бұл шын мәніндегі “дәурендеу” кезеңі.”
Ұлттық руханият адамзат баласының тынысы демекші: “Туған жерге туымызды нық тігейік”.
Берікжан ӘЛМҰХАМБЕТОВ
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Ардагерлер кеңесінің төрағасы,
педагогика ғылымдарының докторы
Дереккөз: kazgazeta.kz