14.01.2026
ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде шетелдік студенттер арасында спартакиада өтті. Қарашаңырақ қабырғасында өзге мемлекеттен келген білім алушылар спорт түрлерінен бақ сынады. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорт додасында Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Барлық факультетте оқитын шетелдік студенттер жарысқа белсене қатысты.
Жыл сайын
дәстүрге айналған спартакиада М.Әуезов атындағы спорт кешенінде өтті.
Қатысушылар қазақтың ұлттық спорты арқан тартыс және волейболдан сайысқа түсті.
Бұл – студенттер арасында бірлік пен ынтымақты арттыруға, салауатты өмір салтын
ұстануға бағытталған ауқымды іс-шара. Абай атындағы ҚазҰПУ Әлеуметтік даму
жөніндегі проректор Мақсат Жақау қатысушыларға сәттілік тілеп, үздік ойын
көрсетеріне сенім білдірді.
– Дәстүрлі
түрде өтетін спартакиаданың кезекті ойыны шетелдік студенттер арасында
ұйымдастырылып отыр. Қысқы демалыс аясында білім алушылардың уақытын тиімді
пайдаланып, спортқа қызығушылығын арттыруды көздейді. Жоғары білімді, салауатты
өмір сүретін, мәдениеті жоғары маман қалыптастыру – біздің міндет. Сондықтан,
спорт додасының қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді проректор.
Арқан тартыс
сайысының қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды Жаратылыстану және география
факультетінің шетелдік студенттер құрамасы иеленді. Дене шынықтыру және алғашқы
әскери дайындық факультетінің студенттері 2-орынды қанжығасына байласа,
3-орынға Тарих және құқық факультеті тұрақтады. Сонымен қатар, воллейбол
ойынында Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті 1-орын иеленсе
(50 мың теңге), 2-орын Жаратылыстану және география факультетіне бұйырды (40
мың теңге). Ал, Математика, физика және информатика факультеті үздік үштікті
түйіндеді (30 мың теңге).
Спартакиада
қатысушылары арасында «Үздік ойыншы», «Үздік талпыныс», «Үздік көшбасшы», «Үздік ойыншы» номинациясы бойынша
жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар анықталып, қаржылай сыйлықтармен
марапатталды.
«Abai University» медиа орталығы