ПРЕЗИДЕНТ СҰХБАТЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТӘРБИЕ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Абай университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатындағы жастар саясаты, патриоттық тәрбие, Абайдың «Толық адам» ілімі туралы ойлары талқыланды. Жастарға отаншылдық рух, ұлттық құндылық, «Толық адам» ілімінің негізінде университеттің тәрбие жұмысы бағыттары бекітілді. Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау алдағы уақытта атқарылатын маңызды міндеттерді нақтылады.

  

Жыл басындағы Президент сұхбаты қоғамдағы түрлі мәселелер мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттары айқындалған ашық диалог ретінде өрбіді. Жасанды интеллект, ғылым-білім, әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалмады. Оның ішінде өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру, Абайдың «Толық адам» ілімін адамгершіліктің алтын діңгегіне айналдыру көзделген. Сондықтан, Абай университетінің жастар саясаты Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттарды қамтиды.

 

 – Университеттің даму стратегиясы Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген. Президент өз сұхбатында бұл қағидат – қоғамдық дамудың негізі екеніне тоқталды. Сондай-ақ, барлық іс-шаралар мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, әділетті қоғам, адал азамат тәрбиелеуге бағытталуы тиіс. «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Адал азамат» қағидалары жастар тәрбиесінің үштаған ұстанымы болуы қажет. Өткен жылдың қорытындыларын сараптап, 2026 жылға жұмыс жоспарын аталған принциптер негізінде құрамыз. Студенттердің бойында патриоттық тәрбиені сіңіру үшін университеттің Тәлімгерлік мектебін әрмен қарай жалғастыру керек. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының қалыптастырған дәстүрлі мектебі, – деді Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау.

  

Жасанды интеллект бойынша студенттердің білімін дамытуды және зияткерлік әлеуетін арттыру турасында Математика, физика және информатика факультеті деканының әлеуметтік тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Өмірзақ Мүсілім ой-пікірін ортаға салды.

  

– Тәрбие саласында жұмыс атқарғандықтан мені сұхбатта айтылған адами капиталды дамыту, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру және заманауи ойлайтын, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу мәселелері қызықтырды. Президент атап өткендей, жаңғырудың өзегі – білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақ. Математика, физика және  информатика ғылымдары – елдің технологиялық дамуы мен цифрландыру үдерісінің негізі. Сондықтан инновация, ғылым мен білімнің сабақтастығы, цифрлық трансформация идеялары студент жастардың кәсіби ғана емес, азаматтық тұрғыдан да қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын. Әлеуметтік-тәрбие жұмыстары арқылы біз студенттерді ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын, қоғамдағы өзгерістерге белсенді араласатын тұлға ретінде тәрбиелеу мақсатымыз, – деді Мүсілім Мұратбекұлы.

 

 Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл – еліміздің аталған бағыттағы жұмысын ілгерілетуге серпін берері сөзсіз. Әсіресе, ғылыми бағытта ЖИ кеңінен қолданысқа енгізілгенін Жаратылыстану және география факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Серік Бакиров жеткізді.

  

– Ел Президенті «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек» деген айқын мақсат қойды. Жасанды интеллект технологиялары адам өмірінің сапасын арттырумен қатар, өркениеттің негізіне айналғанын дәлелдейді. Әсіресе, жаратылыстану ғылымдары бойынша ЖИ-ді қолдану кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Статистикалық талдаулар жүргізу, деректерді анықтау, шолу жасауға ЖИ көмекші құрал болды. Дегенмен, білім алушыларға қолдану мәдениетін қалыптастыру мәселесі туындап тұр. Оның да қыр-сырын меңгеріп, тиімді бағытта пайдалану басты назарда болу керек деп санаймын, – деді Серік Бакірұлы.

 

 Аталған мәселенің өзектілігіне ой қосқан Сұлтан Болатбекұлы адами фактор мен цифрлық сауатты маман даярлаудың өзектілігін алға тартты.

  

– Әріптесім Серіктің сөзінің жаны бар. Қазір жасанды интеллектіні дамытуға арналған заңнамалық және институционалдық негіз қалыптасып келеді. Арнайы кеңес құрылып, заң қабылданып, инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы – жүйелі дамудың көрінісі. Менің ойымша, алдағы уақытта жасанды интеллектіні енгізу барысында адам факторын ескеру қажет. Технология қоғамға қызмет етуі тиіс, ал оны тиімді пайдалану үшін білімді, жауапты және цифрлық сауатты мамандар даярлау басты міндет болып қала береді, – дейді Өнер факультетінің әлеуметтік тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сұлтан Бодан.

  

Президент сұхбатындағы жастар тәрбиесіне қатысты өзекті ойлар, қоғамға маңызды міндет жүктейтінін Тарих және құқық факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Медет Азанбаев айтты. Ол студенттердің тәрбие жұмысында жауапкершіліктің артқаны туралы өз пікірін білдірді.

  

– Осы орайда, сұхбаттағы жасанды интеллект ғана емес, жастар тәрбиесіне қатысты Президенттің өзекті ойлары маған жақсы әсер қалдырды. Отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлттық құндылықты бойына сіңіру және цифрлық дағдыларды меңгерген тұлға қалыптастыру маңызды. Педагогикалық кәсіби маман даярлау ғана емес, оның бойына ұлттық тәрбиені сіңіруге бізге зор жауапкершілік артылған деп есептеймін, – деді Тарих және құқық факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Медет Азанбаев.

 

 Әлеуметтік және жастар саясаты департаменті талқылау соңында 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Президент сұхбатында айқындалған басым бағыттар бойынша нақты жобаларды жүзеге асыру жөнінде міндеттер жүктелді. Тұңғыш университет болашақ педагогтарды заманауи технологияларға бейімдеуде адамгершілік тәрбие беру бағыттарын бұрыннан жандандыра түсуге шешім қабылдады.

 

«Abai University» медиа орталығы