МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ УНИВЕРСИТЕТ ЖАТАҚХАНАСЫН АРАЛАДЫ

Бүгін Абай университетінің №3 студенттер жатақханасына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау және Алматы қалалық маслихат депутаты Жалын Жайнарбай келді. Депутаттар Алматыдағы студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі және жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды мінберлерде үнемі айтып жүр. Сондықтан, тұңғыш университет жатақханаларының жай-күйімен танысып, түйіткілді мәселелерді білуге арнайы ат басын бұрды.


Еліміздің оңтүстік астанасы саналған Алматы – студенттер қаласы. Жоғары оқу орындары шоғырланғандықтан өзге қалалардан келген білім алушылардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Университет түлегі, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау мінберлерде студенттер жатақханасы туралы түрлі мәселелерді көтеріп келеді. Білім алушылардың жатақханамен қамтамасыз етіліп, жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуын назардан тыс қалдырмаған.




Тұңғыш университеттің өткен ғасырдың 30-жылдары іргетасы қаланған студенттер үйінің қазіргі ахуалымен танысты. Жатақханадағы өрт қауіпсіздігі, апаттық және сейсмикалық қауіпсіздік ережелері, санитарлық тазалық сақталуына, асхана мен кір жуу апараттарының болуына мән берді. Сондай-ақ күзет қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүру жағдайына назар аударды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау университеттің негізгі және жалдамалы жатақханаларының жағдайымен таныстырды. Сондай-ақ, студенттердің әлеуметтік осал топтары мүмкіндігінше жатақханамен қамтамасыз етіліп, жеңілдіктер алатынын жеткізді.




Болашақта жатақханаларды жаңарту, заманауи үлгіде жабдықтау және студенттердің өмір сүруіне жайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Ел болашағы білімді жастардың қолында десек, олардың сапалы білім алып, тұрмысының жайлы болуына ықпал ету баршамызға ортақ міндет.

«Abai University» медиа орталығы