27.11.2026
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМДЕГІ ОРНЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Абай университетінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін оқытудың жаңа әдістерін зерделеу және тілдік тұлғаны қалыптастыру мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Мемлекеттік тіл және тілдік тұлғаны қалыптастыру моделі» тақырыбындағы халықаралық жиынға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан және басқа да елдердің ғалымдары мен білім беру саласының өкілдері қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты мемлекеттік тілдің қоғамдық, ғылыми және білім беру кеңістігіндегі қолданысын кеңейту, тілдік тұлғаны қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін саралау болды. Сонымен қатар қазақ тілін оқытудың заманауи тәсілдері, цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Жиынның алғысөзін Әзербайжан Республикасынан келген Жас түркі жазушыларының дүниежүзілік одағының төрағасы Интикам Джаваншир сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ пленарлық отырыста отандық және шетелдік ғалымдар тіл білімінің өзекті бағыттары бойынша зерттеу нәтижелерін таныстырды. Фырат университетінің профессоры Ержан Алкая цифрлық лингводидактика аясында қазақ және ағылшын топонимдерін оқытудың инновациялық әдістеріне тоқталды. Қырғызстандық ғалым Бурул Сагынбаева қырғыз тіліндегі мәдени концептілердің ерекшеліктерін сараласа, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы тілдік тұлғаны қалыптастырудағы ғылым тілінің рөліне қатысты ойларын ортаға салды.
Ғалым тілдік тұлға адамның тілдік білімі, сөйлеу мәдениеті, коммуникативтік қабілеті, дүниетанымы мен ұлттық мәдени құндылықтарды тіл арқылы танытуын біріктіретін күрделі әлеуметтік-лингвистикалық құбылыс екенін атап өтті. Сондай-ақ тілдік тұлғаны қалыптастыруда ғылым тілінің дамуы мен білім беру жүйесіндегі тілдік ортаның маңызына тоқталды.
Бұған қоса Қазақстан мен Өзбекстан зерттеушілері кәсіби сөйлеу мәдениеті, тіл мәртебесі және жаһандану жағдайындағы тілдік үдерістер жөніндегі ғылыми тұжырымдарын ұсынды.
Конференция аясында бес секцияның жұмысы ұйымдастырылды. Секциялық отырыстарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің ғылыми-әдістемелік негіздері, цифрлық лингводидактика мен смарт-технологиялар, қазақ тілін кәсіби бағдарлы оқыту, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру модельдері, сондай-ақ әлем тілдерін оқытудағы жаңа үрдістер мен технологиялар қарастырылды. Қатысушылар өз зерттеулерін таныстырып, тіл үйрету әдістемесі, цифрлық білім беру ортасы және тілдік тұлғаны қалыптастыруға қатысты тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу, мемлекеттік тілдің ғылыми қолданысын арттыру және кәсіби коммуникация мәдениетін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді.
Бүгінде мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі мәртебесін нығайту ғана емес, оның ғылым мен білімнің толыққанды тілі ретінде дамуын қамтамасыз ету де өзекті. Ал тілдік тұлғаны қалыптастыру осы міндеттермен сабақтас маңызды бағыттардың бірі саналады. Өйткені тілді меңгеру оның грамматикалық құрылымын білумен шектелмейді. Ол ұлттық дүниетанымды түсіну, ойды сауатты жеткізу, кәсіби ортада еркін қарым-қатынас жасау және тіл мәдениетін сақтау ұғымдарымен тығыз байланысты.
Халықаралық конференция барысында көтерілген мәселелер осы бағыттағы ғылыми ізденістерді тереңдетіп, қазақ тілін оқытудың тиімді әдістемелерін жетілдіруге негіз болмақ. Ғалымдардың пікір алмасуы нәтижесінде тілдік тұлғаны қалыптастырудың жаңа модельдері мен мемлекеттік тілдің ғылыми-білім беру кеңістігіндегі қолданысын арттыруға қатысты ұсыныстар әзірленеді.
«Abai University» медиа орталығы