ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГИКА БАҒЫТТАРЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГИКА БАҒЫТТАРЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде әлеуметтік педагогиканың теориясы мен практикасын дамытудың, педагогтың кәсіби қызметін жетілдірудің басым бағыттарын айшықтауға негізделген «Жаһандану контексінде тұлғаның әлеуметтенуі: әлеуметтік педагогиканың тұжырымдамалық және құндылықтық бағдарлары» тақырыбында халықаралық ғылыми-педагогикалық симпозиум өтті.

Ғылыми басқосуда цифрлық қоғам және жасанды интеллект дәуірінің сын-қатерлері жағдайында тұлғаның әлеуметтенуі мен ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленуінің өзекті мәселелері талқыланып, отандық және шетелдік ғалымдар, практик мамандар мен жас зерттеушілер арасындағы ғылыми диалог пен халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту тетіктері назарға алынды.

Технологиялық серпіліс, цифрлану және жасанды сана үстемдік құрған кезеңде өскелең ұрпақтың қоғамға бейімделуі мен төл таным-түсінікке негізделген болмысын қалыптастыру – ата-аналармен қатар әлеуметтік педагогтар үшін де өзекті мәселе болып отыр. Мұндай жаһандық өзгерістерге төтеп беру үшін ғылыми тұжырымдарды тәжірибемен ұштастырып, ұстаздар қауымының біліктілігін заманауи сұранысқа бейімдеудің тың жолдарын белгілеу шарт.  Осы түйткілді арқау еткен жиында  әлеуметтік сала мамандары мен тәжірибелі ғалымдардың өзара ашық пікір алмасуы білім беру жүйесінің ілгерілеуіне серпін берді.

Ауқымды іс-шарада кіріспе сөз алған Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова тақырып аясында ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Исламия Рамазанқызының өнегелі өмір жолы, терең ғылыми ізденістері мен отандық ғылымға қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталып, ұстаздың тағылымды дәрістері мен мазмұнды тәрбие сағаттары туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Әлеуметтік педагогиканың барлық дерлік бағытын кешенді зерттеген ғалымның 500-ге жуық ғылыми жарияланымы мен іргелі еңбектеріне арналған баяндамалар қорғалып, зерттеу жұмыстары талқыланды. Ғалымның бұл бай мұрасы мен педагогикалық өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани қазына ретінде бағаланып, халықаралық жиынның басты тақырыбына арқау болды.

Симпозиум аясында мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика білім беру бағдарламаларының білім алушыларына арналған дәрістер өтіп, профессор Исламия Халитованың ғылыми еңбектеріне негізделген баяндамалар оқылды. Ғалымның тағылымды ілімін кеңінен дәріптеу жас ізденушілер мен сала мамандарының шығармашылық әлеуетін оятып, ұлттық педагогиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейте түсті.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту