ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТЕ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТЕ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

Абай университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында университеттің академиялық қызметін жетілдіру, кәсіби бағдар беру жұмысын жаңа деңгейге көтеру және бітіруші түлектерді қорытынды аттестаттауға дайындық мәселелері талқыланды.

Отырыс барысында күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе бойынша университеттің академиялық саясаты қаралды. Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова құжаттың негізгі бағыттары мен білім беру үдерісін ұйымдастыруға қатысты ережелерді таныстырды. Талқылау қорытындысы бойынша «Абай атындағы ҚазҰПУ» КЕАҚ Академиялық саясатын бекіту туралы шешім қабылданды.

Келесі кезекте университеттің кәсіби бағдар беру жұмысы аясында орта білім беру ұйымдарымен серіктестіктің жаңа форматы таныстырылды. Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев мектептермен ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарына тоқталды. Аталған жұмыс мектеп оқушыларына болашақ мамандығын саналы таңдауға көмектесіп, жоғары білім беру ұйымы мен орта білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік емтихан және қорытынды аттестаттау комиссияларының төрағаларын бекіту мәселесі қарастырылды. Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Еркін Жұманқұлова «Қазақстан тарихы» пәні бойынша мемлекеттік емтихан комиссиясының, сондай-ақ бітіруші бакалавриат және магистратура білім беру бағдарламалары бойынша қорытынды аттестаттау комиссияларының төрағаларын бекіту жөніндегі ақпаратты ұсынды.

Сонымен қатар «Әртүрлі мәселелер» бөлімінде бірқатар кадрлық және ғылыми-академиялық мәселелер айтылды. Атап айтқанда, үміткерлерді қауымдастырылған профессор ғылыми атағына ұсыну және университет оқытушыларының монографиялық еңбектерін баспаға ұсыну мәселелері талқыланды. Ұсынылған кандидатуралар мен ғылыми еңбектерге қатысты тиісті шешім бекітілді.

Жиын соңында университеттің халықаралық академиялық жетістігі де атап өтілді. Coursera платформасында орналастырылған «Жасанды интеллект негіздері» курсының авторлары Нұржамал Ошанова, Айкенже Жамкеева және Майра Кемелбек жаппай ашық онлайн-курстарды (MOOC) әзірлеудегі үздік авторлық жетістіктері үшін халықаралық Outstanding MOOC Author Award номинациясымен марапатталды.

Ғылыми кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, университеттің академиялық, ғылыми және ұйымдастырушылық қызметіне қатысты тиісті шешімдер қабылданды.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту