25.11.2026
ДҮРКІРЕП ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ
Абай университетінде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл жыры – ұлт рухының жаршысы» атты халықаралық студенттер айтысы өтті. Жыр додасына еліміздің бірнеше өңірінен және Қырғызстан, Өзбекстан, Қытайдан келген жас ақындар бақ сынап, шеберлігін көрсетті.
Айтыс – қазақтың ежелден келе жатқан төл өнері. Бүгінгі жыр бәсекесі тек өнер додасы ғана емес, жастардың ұлттық рухын көтеріп, зияткерлік әрі шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды шара. Студенттердің қазақ ауыз әдебиеті мен суырып салма өнеріне деген құрметін арттыру, шешендік өнер мен көркем ойлау қабілетін дамытуды мақсат тұтқан сайыстың тәрбиелік мәні зор.
Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қазақтың сөз өнеріне қосқан үлесіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Қалиев бастаған қазылар алқасының құрамында Мәдениет және Ақпарат саласының үздігі, «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы филиалының жетекшісі, «Құрмет» орденінің иегері – Бақыт Құтпанбай, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, «Ақтаңгер» степендиясының иегері – Аяулым Жұмабекқызы, Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы, ф.ғ.к., Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі – Дәурен Мұхамадиев, айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Шұғайып Сезімхан болды.
Бірнеше кезеңге жалғасқан жарыста өзгелерден оқ бойы оза шауып, тапқырлығымен таңдай қақтырған Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Зарина Оңғарқызы бас жүлдені жеңіп алды. 1 миллион теңге сыйақыға да ие болды. Бірінші орынды маңғыстаулық Бейбіт Байжігіт пен қара шаңырақ студенті Данияр Болатқан қанжығалады. Әрқайсысы 550 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты еншіледі. Қытайдан келген Тілеуберді Бақытұлы мен өзбекстандық Ринат Қожамұратов екінші орынды еншілеп, 300 мың теңге сыйақыдан алды. Үшінші орынды қанағат тұтқан қырғызстандық Асқар Аязбеков, түркістандық Асылжан Есімханұлы, елордалық Айғаным Махсұтқановаға 200 мың теңге сыйақы берілді.
Халықаралық айтысқа қатысқан өзге ақындар да құралақан қайтпады. Арнайы жүлде мен 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталды.
– Қонысбай Әбілов атындағы арнайы жүлде – Серік Бекзат (Қызылорда қаласы);
– Әзімбек Жанқұлиев атындағы арнайы жүлде – Ибрахим Қазбек (Павлодар облысы);
– Ханыша Раисова атындағы арнайы жүлде – Әсемай Берік (Атырау қаласы);
– Темірхан Тебегенов атындағы арнайы жүлде – Нұртөре Мықтыбай (Шымкент қаласы);
– Оразалы Досбосынов атындағы арнайы жүлде – Елсияр Құлахмет (Алматы қаласы);
– Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы жүлде – Ақтілек Кулпеишов (Қырғызстан);
– Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлде – Нуриден Охиттан (Ақмола облысы);
– Жұмабай Шаштайұлы атындағы арнайы жүлде – Мейіржан Баршынбай (Астана қаласы).
Абай университетінде жас ақындар айтысы дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Әр жылы дүбірлі доданың өтуі еліміздегі жас ақындардың деңгейін, жаңа буынның қарқынын аңғаруға мүмкіндік беріп келеді.
Айта кетейік, осыған дейін қара шаңырақ төрінде жас жазба ақындар сайысы да өткен еді.