25.11.2026
РЕКТОР БЕЛСЕНДІ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп белсенді студенттермен, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының өкілдерімен жүздесті. Кездесудің күн тәртібінде студенттердің құқықтарын қорғау, буллингтің алдын алу, жастар бастамаларын қолдау, университеттегі әлеуметтік және мәдени орта мәселелері сөз болды.
Ректор университет қабырғасында әлімжеттік пен кез келген қысым көрсету әрекеттеріне жол жоқ екенін баса айтты. Сауалнама нәтижесінде студенттердің көбі мұндай жағдайларды жасырып қалатыны алаңдаушылық туғызатынын жеткізе отырып, жастарды мәселелерді ашық көтеруге шақырды. Болат Анапияұлы осы бағыттағы маңызды тетіктердің бірі – университет платформасындағы ректордың ашық желісі екенін айтты. Платформа арқылы кез келген студент өздерінің ұсыныстарын, шағымдарын жолдай алады. Түскен ешбір сұрақ назардан тыс қалмай, міндетті түрде тиісті шешімдер қабылданады.
Студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен шығармашылық әлеуетін дамыту да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда университетте 3 театр, 10 студенттік деканат, студенттік ректорат, омбудсмен мен 54 студенттік ұйым жұмыс істейді. Бұл студенттердің қоғамдық, мәдени және шығармашылық жұмыстармен айналысып, таным көкжиегін кеңейтіп, тәжірибе жинауына мол мүмкіндік.
Студенттік ректорат төрағасы Нұрдәулет Бақытұлы өз есебінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы, кітап клубтары, оқырман байқаулары мен буккроссинг бастамаларының барысын, нәтижелерін таныстырды. Айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы, академиялық адалдықты насихаттау, студенттердің әлеуметтік желілердегі өтініштеріне жедел жауап беру жұмыстары дұрыс қамтылған.
Ашық диалог аясында студенттер арасында жүргізілген сауалнама қорытындылары да сараланды. Буллингтің алдын алу, асханадағы баға саясаты, студенттердің қоғамдық жұмыстарға қатысуына байланысты сабақтан босату мәселелері талқыланды. Осы мәселелерге байланысты Басқарма Төрағасы белсенді жастарды қолдау тетіктерін арнайы ереже арқылы реттеу жөнінде тиісті тапсырма берді.
Алматы қаласының студенттік омбудсмені Аманжол Рабатов та кездесуге қатысып, өз сөзінде студенттердің құқықтық сауаттылығы мен университет ішіндегі мәселелерді өзара диалог арқылы шешудің маңызын алға тартты.
Әр сауалға жауап, әр ұсынысқа назар – ашық диалогтың басты нәтижесі. Жүздесу соңы сұрақ-жауап форматында өрбіп, көкейтесті сауалдар қойылды. Өтініш пен талап-тілектер де тыңдалды. Кездесу жастардың пікірін тыңдап, ортақ мәселелерді бірлесіп шешудің маңызын тағы бір рет көрсетті.
«Abai University» медиа орталығы