АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ TIMES HIGHER EDUCATION РЕЙТИНГІНДЕ ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ TIMES HIGHER EDUCATION РЕЙТИНГІНДЕ ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІ

Астана қаласында өткен III жыл сайынғы халықаралық стратегиялық әріптестер форумы аясында Абай университеті Times Higher Education (THE) ұйымының THE Interdisciplinary Science Rankings 2027 халықаралық рейтингіндегі нәтижесі үшін марапатқа ие болды. Аталған форум отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшыларын, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қауымдастығын біріктірді.

Форум аясында Times Higher Education (THE) ұйымының өкілдерімен кездесу өтіп, университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейту, ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіру және алдағы рейтингтік кезеңдерге дайындық мәселелері талқыланды. Кездесуге THE Орталық Азиядағы өңірлік кеңсесінің директоры Лачин Италмазова, университеттің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова және Стратегия департаментінің директоры Эльвира Тәттібаева қатысты.

Кездесуде университеттің THE Interdisciplinary Science Rankings 2027 халықаралық рейтингіндегі нәтижесіне ерекше назар аударылды. Абай университеті 401–500 тобына еніп, рейтингте орын алған Қазақстанның тоғыз жоғары оқу орны арасында екінші орынды иеленді. 2027 жылғы рейтингке әлемнің 102 елінен 1058 университет қатысып, олардың қатарында Қазақстанның 22 жоғары оқу орны болды. Университеттер ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, пәнаралық командаларды қолдау, ғылыми жарияланымдар мен дәйексөздер саны және халықаралық бедел көрсеткіштері бойынша бағаланды.

Абай университеті ең жоғары нәтижені пәнаралық зерттеу үдерістерін ұйымдастыру бағыты бойынша көрсетті. Аталмыш жетістік университеттің педагогика, психология, жаратылыстану ғылымдары, цифрлық технологиялар және гуманитарлық ғылымдар арасындағы ғылыми ықпалдастықты дамытуға бағытталған жұмыстарының нәтижесін айқындайды. Times Higher Education өкілдерімен кездесуде халықаралық академиялық байланыстарды нығайту, ғылыми жетістіктердің әлемдік деңгейде танылуын арттыру және университеттің рейтингтік көрсеткіштерін одан әрі жақсарту перспективалары қарастырылды.

Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту