ТАРИХ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТАРИХ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп  Тарих және құқық факультеті ұжымымен жүздесіп, білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетті арттыру мәселелерін талқылады. Факультеттің жылдық көрсеткіштері сарапталып, оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Кездесу барысында факультеттің алдағы уақытта жүзеге асыратын негізгі бастамалары таныстырылды. Университет басшылығы жоғары білім беру бағдарламаларына қойылатын талаптар күшейгенін атап өтіп, оқу үдерісін заман сұранысына сай жаңғырту қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте академиялық саясатқа тың өзгерістер енгізу, студенттерге психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын жүйелеу маңызды.

Тарих және құқық факультеті – іргелі ғылыми-педагогикалық мектебі қалыптасқан жетекші құрылымдардың бірі. Факультеттің қазіргі ғылыми-зерттеу белсенділігі мен ғылыми жарияланымдар санына назар аударылды. Жиында университеттің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылуы керек ауқымды бастамалар сараланды. Абай университетінің музейін қайтадан құру, мазмұндық толықтыру Тарих және құқық факультеті ұжымына тапсырылды.

«Бұл музейді классикалық тұрғыда емес, жаңа заман талабына сай интерактивті бағытта жасау жоспарланып отыр. Оның инфрақұрылымын жасақтап қана қоймай, мазмұндық толықтыру қажырлы еңбекті, тарихи-ғылыми ізденісті қажет етеді» - деді Болат Анапияұлы.

Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосуда ұжымды толғандырған білім беру саласындағы мәселелер де талқыға салынды. Атап айтқанда, оқу корпусындағы интернет желісі, инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Білім ордасының басшылығы материалдық-техникалық базаны нығайту аясында жаңа ғимараттар салу мәселесінің де қарастырылып жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында университет ректоры ұжыммен байланысты нығайту мақсатында әр аптаның бейсенбісінде жеке қабылдайтынын хабарлады. Бұл алдағы уақытта да оқытушылар мен қызметкерлердің ұсыныстарын жедел қарастырып, ортақ жобаларды тиімді іске асыруға мүмкіндік берері анық.

 «Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту