24.11.2026
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ТАНЫСТЫРДЫ
Бүгін «Әділет» партиясы Алматы қалалық үгіт-насихат тобының өкілдерімен кездесу өтті. Білім ордасының Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлы, партия өкілдері Борис Джаппаров, Виктор Елисеев және Алматы қалалық маслихаты депутаттығына кандидат Максим Когай қатысты.
Биыл еліміз үшін ірі саяси өзгерістер мен ауқымды реформалар жүзеге асырылған жыл. Жаңа Конституция қабылданып, Ата Заң бүгінгі күннің талабына сай қайта жазылды. Үкіметтік заң шығарушы орган Құрылтай болып құрылып, бірпалаталы жүйеге ауысты. Алдағы уақытта республиканың барлық өңірінде аудандық, қалалық маслихат депутаттарын сайлау жүзеге асырылмақ. Соған сәйкес, сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысының жүруі заңды құбылыс. Бұл – саяси партиялар мен оның кандидаттары сайлаушыларға бағдарламасын, мақсаты мен ұстанымын таныстырып, халықтың қолдауына ие болуға бағытталған заңмен реттелген қызметі. Түрлі тараптардың ұсынысымен танысып, нәтижесінде қоғамдық пікір қалыптасып, азаматтар өз дауысын беріп, таңдау жасайды.
Бүгін Абай университетінің студенттерімен кездесуге «Әділет» партиясының Алматы қалалық үгіт-насихат тобы арнайы келіп, бірқатар өзекті мәселелерді қамтыды. Білім алушылардың назары ауып, талқыға түскен бастаманың бірі – Алматы қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту мәселесі. Үгіт тобының өкілі Борис Джаппаровтың сөзінше, жуырда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытының құрылысы қатаң бақылауға алынбақ.
- Алматыдағы экологиялық жағдайды жақсарту – партия бағдарламасының басты басымдықтарының бірі. 2029 жылы іске қосылатын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытының құрылысы қатаң бақылауға алынады. Зауыт жұмысында бөлек жинау мен қайта өңдеу жүйесі үйлестіріледі. 2028 жылға қарай қалалық қоғамдық көлікті экологиялық таза жылжымалы құрамға көшіру жоспарланған. Ал 2026-2031 жылдары суару және күтіммен бірге 1,8 млн ағаш пен бұта отырғызылып, көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі жыл сайын жарияланып отырады, - деді Борис Әлікенұлы.
Кездесуде студент жастардың білім беру, шаһардағы кептелісті азайту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту, экологиялық қолайлы ортаны қалыптастыру бағытындағы ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, өңірлік маслихат депутаттығына кандидаттар сүбелі жауап берді. Жиын соңында барша азаматты 29 қараша қалалық маслихат сайлауына барып, өз таңдауын жасап, Алматының көркеюіне үлес қосуға шақырды.
«Abai University» медиа орталығы