БЕЙЖІҢ БІЛІМ БЕРУ ИНСТИТУТЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

БЕЙЖІҢ БІЛІМ БЕРУ ИНСТИТУТЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Абай университетіне ҚХР-дың Бейжің білім беру институтының делегациясы ресми сапармен келді. Қос тарап халықаралық серіктестікті дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесу соңында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға уағдаласты.

Бейжің білім беру институты – 73 жылдық тарихы бар, Қытайдағы педагог кадрларды даярлауда, мектеп әкімшілерін қайта даярлауға, және олардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында маңызды рөл атқаратын білім беру мекемесі. Құрылғалы бері институт Бейжің мектептерінің 500 мыңнан астам мұғалімі мен әкімшілік қызметкерінің кәсіби дамуына үлес қосқан. Бүгінде оқу орнының төрт кампусы және білім берудің түрлі бағыттарын қамтитын жеті институты бар.

Қытай делегациясының құрамында институт вице-президенті Ли Кайфа, қауымдастырылған профессорлар Чэнь Дань, Чжан Кунь және Сюй Ян болды. Кездесу барысында қытайлық әріптестер институттың білім беру жүйесі, ғылыми-зерттеу қызметі, халықаралық байланыстары мен заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу тәжірибесіне кеңінен тоқталды. Әсіресе соңғы жылдары жасанды интеллект негіздерін барлық студенттер мен оқытушыларға оқыту тәжірибесі, арнайы білім беру платформасының іске қосылуы және педагогтардың цифрлық құзыреттілігін дамытудағы тәжірибесімен бөлісті.

Кездесуге Абай университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгуль Искакова, сондай-ақ факультет декандары мен құрылымдық бөлім басшылары қатысты. Тараптар білім беру саласындағы мәселелерді талқылап, бірнеше басым бағыт бойынша ынтымақтастық орнату жөнінде пікір алмасты.

Екі университет басшылығы студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық аясында алмасуы, әсіресе, «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқитын студенттердің Бейжің мектептерінде өндірістік тәжірибеден өтуі ұсынылды. Сонымен қатар магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша академиялық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.

Кездесудің маңызды нәтижесі – Абай атындағы ҚазҰПУ мен Бейжің білім беру институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы. Құжат екі тараптың білім беру, ғылым, академиялық ұтқырлық және педагог кадрлардың кәсіби даму бағытындағы серіктестігін нығайтуға негіз болады. Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру байланыстарын кеңейтіп, озық педагогикалық тәжірибені өзара зерделеуге жол ашатыны анық.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту