24.11.2026
СТУДЕНТТЕРГЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін Абай университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттерге арналған қоғамдағы өрескел құқықбұзушылық, тәртіп, буллинг тақырыптары бойынша профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Білім алушылардың ішкі тәртібін нығайтуға бағытталған шара Сорбонна-Қазақстан институты мен Педагогика және психология факультетінде өтті. Құзырлы орган өкілдерімен кездесу апта бойы өзге де факультеттерде жалғасын таппақ.
Қазіргі таңда қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру, әсіресе жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – өзекті мәселенің бірі. Алаяқтардың арбауына түспей, дропперліктен сақтану және қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азамат үшін маңызды. Абай университетінде құзырлы орган өкілдері осы аптада студенттермен кездесіп, қауіп-қатердің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бүгін Сорбонна-Қазақстан институты мен Педагогика және психология факультетінің студенттерімен жүздесуде жастар арасында жиі кездесетін заң бұзушылықтар мен интернеттегі қауіп-қатерлер жан-жақты талқыланды.
Алматы қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбатыр Бауржанұлы және Медеу аудандық Полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Мира Темірханқызы онлайн алаяқтық және «дропперлік» тұзағы жайында кеңінен түсіндірді. Цифрлық технологиялар дамыған сайын алаяқтардың да айла-тәсілі күрделене түсуде. Мамандардың айтуынша, интернет-алаяқтық фактілерінің 90 пайызын шетел азаматтары жасап, іздерін жасыру үшін жастарды «дроппер» ретінде пайдаланады.
Жеңіл ақшаға қызыққан кей жастар өзінің банк карталарын бөгде адамдарға сатып немесе уақытша пайдалануға беріп қояды. Мамандар бұл әрекеттің тікелей қылмысқа сыбайлас болу екенін ескертіп, жеке банк карталарын ешкімге бермеуге және сатпауға шақырды. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы кез келген онлайн алаяқтықтан қорғануға болатынын ескертті.
– Біздің мақсатымыз – қоғамдағы, оның ішінде кәмелетке толмаған жастардың интернет ортадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Студенттер білместікпен дроппер болып, өз болашағына зиян келтіруі мүмкін. Бірақ бұл жауапкершіліктен босатылады деген сөз емес. Заң бойынша мұндай қылмыстық істерге 3-7 жылға дейін жаза қарастырылған, – деді Айбатыр Бауржанұлы.
Студенттер арасындағы тағы бір өзекті түйткіл – баспана мәселесі. Оқу жылы басталғанда жастар арасында пәтер жалдау кезіндегі алаяқтық деректері жиілейді. Жалған хабарландыруларға сеніп, алдын ала төлем жасаған студенттер ақшасынан да, пәтерден де қағылып жатады. Құзырлы орган өкілдері мұндай жағдайға тап болмас үшін, құқықтық сауатты болудың маңызын жеткізді. Сондай-ақ интернет кеңістігіндегі психологиялық қысым, яғни киберсталкинг мәселесі де назардан тыс қалмады. Жиын барысында студенттерге буллингтің алдын алуға бағытталған арнайы бейнеоролик көрсетіліп, одан сақтану мен қорғану жолдары түсіндірілді.
«Abai University» медиа орталығы