24.11.2026
ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАДА КІТАП ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Бүгін «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында Abai Library ғылыми кітапханасында «Тарих. Кітап. Баспа» атты рухани-танымдық кездесу өтті. Тағылымды іс-шара жастардың кітап оқу мәдениетін дамытуға, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталды. Кездесу аясында білім ордасында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Кездесуге Алматы қаласындағы жетекші баспа үйлерінің өкілдері, университеттің ғалымдары мен студенттері қатысты. Іс-шараның шымылдығын ашқан Ғылыми кітапхана директоры Нұргүл Жайлауқызы кітаптың ұлт руханиятын байытудағы, тарихи жад пен ұлттық сананы қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталды. Білім ордасы мен баспалар арасындағы шығармашылық және кәсіби байланысты нығайтудағы маңызын да атап өтті.
Баспа саласының тәжірибелі мамандары кәсіби шеберлігімен бөлісіп, кітап шығару үдерісінің қыр-сыры туралы кеңінен әңгімеледі. Атап айтқанда, «Алматыкітап» баспасының көркем әдебиет бөлімінің бас редакторы Бұлан Жамбыл, «Дарын» баспасының директоры Анвар Ахметов, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының өкілі Алтынай Қабыл және «Қасымкітап» баспасының өкілі Әсел Рахымбай баспа ісіндегі өзекті мәселелерді ортаға салды.
Кездесу барысында Қазақстандағы баспа ісінің қазіргі даму бағыттары, тарихи әдебиеттерді іріктеу мен жарыққа шығарудың ерекшеліктері, авторлармен жұмыс жүргізу тәртібі, қолжазбаны редакциялау және баспаға дайындау кезеңдері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ жас зерттеушілердің ғылыми еңбектерін жариялау мүмкіндіктері, тарихи деректердің нақтылығы мен мазмұндық құндылығын сақтау, оқырман сұранысын ескеру, кітап нарығындағы жаңа үрдістер және цифрлық технологиялар кезеңінде дәстүрлі қағаз кітаптың орны мен болашағы туралы ой-пікірлер айтылды.
Студенттер мен оқытушылар баспагерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, кітап шығару жолы, авторлық бастамаларды қолдау, қолжазбаларды жариялау талаптары және баспа саласындағы кәсіби мүмкіндіктер жөнінде пікір алмасты. Іс-шара барысында баспагерлер Абай университетінің Ғылыми кітапхана қорына танымдық мазмұндағы кітаптарын сыйға тартты. Игі бастама оқу орны кітапханасының қорын отандық басылымдармен толықтырып қана қоймай, оқырмандардың жаңа әдебиеттермен танысуына, білім көкжиегін кеңейтуіне жол ашады.
Кездесу аясында арнайы кітап көрмесі мен жәрмеңке ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған түрлі тақырыптағы басылымдар қатысушыларға қазіргі кітап нарығымен танысып, әдебиеттерді алуға және әдеби жаңалықтардан хабардар болуға мүмкіндік берді.
«Abai University» медиа орталығы