23.11.2026
КҮЗГІ СТУДЕНТТІК АПТАЛЫҚ ӨЗ ЖҰМЫСЫН АЯҚТАДЫ
Күні кеше Абай университетінде «Күзгі студенттік апталықтың» қорытынды іс-шарасы «ABAI CUP» III қалалық пікірсайыс турнирі өтті. Бәсеке Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларын бір алаңға жинады. Сайысқа шаһардағы 10 жоғары оқу орнының өкілдері мен мектеп оқушыларынан құралған 40 фракция, жалпы 130 пікірсайысшы қатысты.
Отандық пікірсайыс бәсекесінің дамуына бірден-бір үлес қосып келе жатқан оқу орындарының бірі – Абай университеті. Келер жылы оған 25 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында заман талабына сай пікірсайыс түрлері қарқынды дамып, талқыланатын тақырыптардың ауқымы да кеңейе түскен. Мұндай дебаттар жастардың ізденуіне жол ашып, түрлі тақырыптарды меңгерген, бақайшығына дейін біліммен қаруланған қоғам мүшелерін тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік береді. Танымалдықты арттыратын әр турнирдің жаңа таныс, жаңа дос тауып беретінін өз алдына бөлек әңгіме.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау Абай университетінің отандық пікірсайыстың дамуына қосқан үлесіне тоқталып, қатысушгыларға сәттілік тіледі.
«ABAI CUP» III қалалық турнирінің негізгі мақсаты – студенттер мен мектеп оқушылары арасындағы сабақтастықты нығайту, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, сыни ойлау қабілетін жетілдіру және пікірсайыс мәдениетін дамыту. Бұл доданың басты ерекшелігі – пікірсайыс алаңында бакалавриат студенттері мен мектеп оқушыларының қатар бақ сынауы. Аталған бастама екі буын арасындағы білім мен тәжірибе алмасуға жағдай жасап, оқушылардың студенттік өмірге, ғылыми-зияткерлік ортаға және жоғары білім алуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Пікірсайыс додасы америкалық-парламенттік (АПФ) және Линкольн-Дуглас (ЛД) форматтары бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар қоғамдық, әлеуметтік, мәдени және адамгершілік құндылықтарға қатысты өзекті мәселелерді сараптады.
Турнир барысында пікірсайысшылар жасанды интеллектінің ықтимал қаупі, қазақтілді емес ортаға қазақ тілін үйретудің тиімді жолдары, Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамалар секілді ауқымды тақырыптарды қаузады. Олар аталған мәселелерге қатысты түрлі ұстаным ұсынып, логикалық пайымдау, дәлелді пікір білдіру, қарсы тараптың тұжырымдарын саралау және ұтымды шешім ұсыну қабілеттерін көрсетті.
Америкалық-парламенттік форматтың жеңімпаздары

I орын – «Жетінші
құрлық» фракциясы
Абай атындағы ҚазҰПУ, «ТЭО» клубы:
- Қалбай Нұртас;
- Райбек Иса.

II орын – «Las
Vegas» фракциясы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Алтын
сапа» ИПК:
- Курманова Ақниет;
- Заққанов Нұрдаулет.

III орын –
«Rodeo» фракциясы
SDU University, SDU QDC:
- Шайахметова Дания;
- Қуаныш Ару.

«Үздік талпыныс»
аталымы – «Prime» фракциясы
SDU University, SDU QDC:
- Оралғазы Ақниет;
- Шендібай Асанәлі.
Линкольн-Дуглас форматындағы сайыста студенттік лиганың үздіктері:

«Ең үздік спикер»
– Омаров Ернұр, Нархоз университеті, «ТЭО» клубы.

«Үздік спикер» –
Серікбай Асылжан, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Парасатты
НЛО» клубы.
Линкольн–Дуглас форматындағы сайыста мектеп лигасының үзіктері:

«Ең үздік спикер» – Темірбек Шахназ.

«Үздік спикер» – Қуаныш Ару.
«Үздік төреші» аталымын Алматы технологиялық университетінің «Жастар» интеллектуалды пікірсайыс клубының өкілі Абылай Нұрболұлы иеленді.
Алматы қалалық пікірсайысшылар турнирі жастардың қоғамдағы маңызды мәселелерді жан-жақты талдауына және пікірталас мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Турнир қатысушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, студенттер мен мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық әрі академиялық байланысты нығайта түсті деуге негіз бар.