РЕКТОР ЧЕМПИОН СТУДЕНТТЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

РЕКТОР ЧЕМПИОН СТУДЕНТТЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ

Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп түрлі спорттан республикалық, халықаралық додаларда жүлделі орын иеленген үздіктермен жүздесті. Оқу орны қабырғасында жүріп жеңімпаз атанған жастарға қолдау көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.

Дүниежүзілік аренада Қазақстан бокстан әрдайым фаворит саналған. Еліміздегі былғары қолғап шеберлерінің ішінде әлем және олимпиада чемпиондары жетерлік. Жанкүйерлер арасында «Бокс державасы» деген атаудың берілуі де содан. Ал тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық зияткерлік төл ойыны. Төрт мың жылдық тарихы бар ұлттық ойын түрімен шұғылданатындар саны жыл сайын артып келеді. Бұл – адамның логикасын, стратегиялық және есептеу дағдысын дамытатын спорт түрі.

Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бүгін осындай спорт салаларынан топ жарған Дене шынықтыру және әскери дайындық факультетінің төрт студентін қабылдады. Олар – бокстан ел чемпионатында күміс жүлде иеленген Азиза Исина, қола медаль алған Әсел Тоқтасын, сондай-ақ тоғызқұмалақтан 19 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы Мейірлан Нұржанұлы мен Қазақстан чемпионы Аяна Исахан. Кездесу барысында Болат Анапияұлы спорт пен сабақты қатар алып жүрген жастарға ыстық лебізін білдірді.

– Спорт әлсіздер жүретін жол емес. Ал сіздер сияқты сабақ пен спортты қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келмейді. Әр жетістіктің артында үлкен еңбек, табандылық пен қажымас қайрат жатыр. Университет талантты, талапты, белсенді жастарды әрдайым қолдайды. Біздің қара шаңырақты тәмамдаған танымал спортшылар аз емес, солардың жолын берсін. Дүбірлі додаларда тек жеңімпаз атанып, университетіміздің, еліміздің  абыройын асқақтата беріңіздер! – деді ректор.

Жиын соңында спортшы студенттерге арнайы алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, Абай университеті жалынды жастарды әрдайым қолдап келеді. Осыған дейін қара шаңырақ басшылығы таеквондодан әлем чемпионы атанған Әлфия Сыдықты да арнайы қабылдаған болатын.

 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту