«АБАЙ КУБОГЫ-2026» ЖАЙДАРМАН ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

«АБАЙ КУБОГЫ-2026» ЖАЙДАРМАН ЖЕҢІМПАЗЫ АНЫҚТАЛДЫ

Күзгі студенттік апталық аясында ұйымдастырылған дәстүрлі «Абай кубогы-2026» Жайдарман ойындары өз мәресіне жетті. Өнер мен тапқырлықтың мерекесіне айналған маусымдық әзіл бәйгесінде үздік төрт команда бақ сынасты. 

Жыл сайынғы дәстүрге айналған университеттік Жайдарман ойындары талантты студенттерді шыңдап келеді. Оқу орнының ішкі лигасында көзге түсіп, тәжірибе жинақтаған жастар бүгінде қалалық және республикалық деңгейдегі додаларда өнер көрсетіп жүр. Бүгінгі оқу орнындағы әзіл бәйгесінің ақтық сынына үздік командалар ғана шықты. Олардың қатарында Филология факультетінің «Кабирхан», Өнер факультетінің «Көшедегілер»,  Әлем тілдері факультетінің «Агуша» және «Абай Болайық» еркін құрамасы бар.

Финал «Сәлемдесу», «Биатлон» және «Үй тапсырмасы» атты үш негізгі кезеңнен тұрды. Әр кезең сайын сахнадағы бәсеке қыза түсіп, командалар дайындығы мен қағытпа қалжың шеберлігін паш етті. Әсіресе, шешуші «Үй тапсырмасы» кезеңінде танымал Жайдарман жұлдыздары қатысушылармен бірге қойылымдарды сахналап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Сахна төріне шыққан командалар ұшқыр ой мен тапқырлыққа, импровизация мен заманауи трендтерге негізделген әзіл өрнектерін көрсетті. Сахна мәдениеті, көрерменмен етене байланыс орнату шеберлігі және қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлап жеткізген ойлары жоғары бағаланды.

Ойын қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен «Агуша» командасы I орынға ие болса, II орын «Абай болайық» құрамасына бұйырды. Ал III орынды «Көшедегілер» командасы еншіледі. Сайыс барысында ерекше өнерімен дараланған «КАБИРХАН» құрамасы «Үздік әзіл» номинациясымен марапатталды.

Ақтық кезеңге дейін сүрінбей жеткен жас өнерпаздар сахналық тәжірибе жинақтады. Танымал әзілкештермен иық тірестіре өнер көрсету олардың шығармашылық шабытын оятып, жаңа белестерге жол ашты. Таңдаулы командалар жинаған тәжірибелерін одан әрі шыңдап, дайындығын күшейте түспек. Бұл – жастардың алдағы маусымға тың серпінмен, жаңа идеялармен және жоғары деңгейде дайындықпен қайта оралуына негіз болмақ.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту