20.11.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ПОЛЯК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Бүгін Абай университетінде Польша тілі мен мәдениеті орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлем тілдері факультетінде ашылған мәдени орталық – Қазақстан мен Польша арасындағы білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Салтанатты іс-шараға Алматыдағы Польша Республикасының Бас консулы Дариуш Шевчик, вице-консулдар Павел Недзведзкий мен Агнешка Пела және Слупск қаласындағы Помор университетінің ректоры Збигнев Осадовский бастаған оқу орнының делегациясы арнайы қатысты. Сондай-ақ NAWA бағдарламасының оқытушысы Юстина Яник, «Więź» Польша мәдениеті орталығының төрайымы Марианна Темралиева, Алматы қаласындағы поляк компанияларының өкілдері келді.
Польша тілі мен мәдениеті орталығы – студенттер мен оқытушыларға поляк тілін меңгеруге, поляк халқының тарихы мен мәдениетін зерделеп, Қазақстан мен Польша арасындағы берік ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді. Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп екі мемлекеттің мәдени-ғылыми байланысын тереңдететінін атап өтті.
– Бүгінгі игі шараның маңызы жоғары. Бұл орталық – білім беру алаңы ғана емес, Қазақстан мен Польша арасындағы академиялық ынтымақтастықтың да артуына негіз болады. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген тәмсіліне сай Поляк орталығы шетелдіктер мен қазақ жастарының басын қосатын мәдени мекенге айналады. Екі халықты мәдениеті, тілі, білімі, гуманитарлық идеясы арқылы байланыстыратын алаң боларына кәміл сенемін, - деді ректор.
Ашылу салтанатында сөз алған Помор университетінің ректоры Збигнев Осадовский Абай университетімен серіктестік жаңа биікке көтерілген айта келіп, педагогикалық қара шаңырақ басшылығына алғысын білдірді.
– Біз 2012 жылдан бері Абай университетімен ынтымақтастық орнатып, қаншама қазақ және поляк жастарының академиялық ұтқырлық аясында тағылымдамадан өтуіне, қосдипломды білім беру бағдарламасымен оқуына жағдай жасадық. Помор университеті жанынан Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығында іске қосып, серіктестікті дамыта түстік. Бүгін Қазақстанда Польша тілі мен мәдениеті орталығының ашылуы берік достығымыздың жаңа шыңы деп бағалаймын, – деді шетелдік оқу орнының ректоры.
Жаңа орталық поляк тілін оқыту курстарын, мәдени-ағартушылық кездесулерді, ғылыми және білім беру іс-шараларын ұйымдастырып, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту және тәжірибе алмасу бағытында жұмыс істейді.
«Abai University» медиа орталығы