ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУ БАҒЫТЫНДА СЕРІКТЕСТІК ОРНАТЫЛДЫ

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨҢДЕУ БАҒЫТЫНДА СЕРІКТЕСТІК ОРНАТЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінде Қытайдың FENY компаниясы өкілдерімен ынтымақтастық мәселелеріне арналған кездесу өтті. Оқу орны компаниямен бірге өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бағытында ұзақ мерзімді әріптестік орнату мәселелерін талқылады. Яғни, тау-кен өнеркәсібінің қатты қалдықтарын екінші рет пайдалану, пасталық толтыру технологияларын бірлесіп дамыту және еліміздің экологиялық тұрақтылығын арттыруға үлес қосу. Аталған бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған «Таза Қазақстан» экологиялық саясатына толық сай келеді және университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

    Кездесуге Абай университетінің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, профессор, Абай жасыл химия зертханасының жетекшісі Ербол Тілеуберді, Химия кафедрасының меңгерушісі Жазира Мұқатаева, Ғылым департаменті директоры Марфуға Абсатова қатысты. Ал шетелдік компанияның Орталық Азия аймағындағы аймақтық менеджерлері Қастер Әлен мен Жасар Абдула қонаққа келді.

FENY компаниясы – тау-кен өнеркәсібіндегі қатты қалдықтарды паста тәрізді толтыру технологиялары мен арнайы жабдықтарды өндіруге маманданған жетекші кәсіпорын. 1996 жылы негізін қалаған компания бүгінде кен орындарын игеру кезіндегі экологиялық қауіпсіздік пен өндіріс тиімділігін арттыру бағытында кешенді шешімдер ұсынады.

Тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін және алдағы бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттарын талқылады. Университет басшылығы 100 жылдық мерейтойы қарсаңында білім ордасының зерттеу университеті мәртебесіне бет бұрғанын атап өтті. Осы бағытта оқу орны 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөліп, Германиядан ең заманауи құрал-жабдықтармен жасақталған жоғары деңгейдегі жаңа зертхананы іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл ғылыми орталық топырақтың, судың және ауаның физикалық-механикалық және химиялық құрамын терең зерттеп, 60-тан астам элементке талдау жасайды. Сондай-ақ кен орындары мен мұнай өндірісі қалдықтарының экологиялық қауіпсіздігін анықтауға толық қауқарлы.

— Біз қазір ғылымды коммерцияландыру және оны нақты өндіріспен байланыстыру бағытында жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Германиядан әкелінген ең озық құрал-жабдықтармен жасақталған зертханамыз кез келген топырақ пен кен қалдықтарының химиялық-физикалық құрамын дәл анықтап, халықаралық стандарттарға сай ғылыми сүйемелдеу жүргізуге мүмкіндік береді. Біз шетелдік серіктестермен бірлесіп, ғылыми жобаларды іске асыруға және отандық ғалымдар мен докторанттардың әлеуетін өндіріс игілігіне жаратуға дайынбыз, – дейді проректор Ертай Сұлтан.

Кездесуде FENY компаниясы ұсынған арнайы наноматериалды Қазақстанның жол құрылысы мен өндіріс қалдықтарын өңдеу саласында қолдану тетіктері де пысықталды. Компания өкілдерінің айтуынша, алдымен университет зертханасында еліміздің әр өңірінен алынған топырақ үлгілері осы наноматериалмен араластырылып, беріктігі мен экологиялық қауіпсіздігі жан-жақты сыналады. Зертханалық сынақтар сәтті аяқталған соң, 15-30 метрлік сынақ жолын салып, оны мемлекеттік стандарттарға сәйкестендіру көзделіп отыр. Жоба өз тиімділігін дәлелдесе, болашақта Қазақстанда осы наноматериалды шығаратын зауыт ашу мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Жиын соңында тараптар нақты күнтізбелік жұмыс жоспарын бекітіп, әр тараптың міндеттері мен жауапкершілігін айқындау жөнінде ортақ шешімге келді. Халықаралық компаниялармен кәсіби диалог білім ордасының серіктестік аясын кеңейтіп, ғылыми әлеуетті коммерцияландыруға негіз болады.

 «Abai University» медиа орталығы 

Артқа қайту