«Дыбысты естиміз, ажыратамыз, дұрыс айтамыз» ғылыми-практикалық семинар-тренингі

«Дыбысты естиміз, ажыратамыз, дұрыс айтамыз»  ғылыми-практикалық семинар-тренингі

2026 жылдың 12 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, педагогика және психология факультеті, мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы 8D01201 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты Өтегенова Елдана ғылыми-зерттеу тақырыбының аясында (ғылыми кеңесшісі PhD., қауымд.профессор м.а. Булшекбаева Асем) №49 «Ақниет» бөбекжайында «Дыбысты естиміз, ажыратамыз, дұрыс айтамыз» тақырыбында мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған ғылыми-практикалық семинар-тренинг өткізді.

Ғылыми-практикалық семинар-тренинг докторанттың ғылыми зерттеуіне сәйкес ұйымдастырылып, Орал қаласындағы №49 «Ақниет» бөбекжайы диссертациялық зерттеудің эксперименттік базасы ретінде белгіленді. Ғылыми зерттеу мен тәжірибелік жұмысты жүйелі жүргізу мақсатында тараптар арасында ынтымақтастық туралы меморандум және үшжақты келісімшарт жасалды.

Семинар-тренингтің ашылуында №49 «Ақниет» бөбекжайының меңгерушісі Муканова Мендигуль сөз сөйлеп, ғылыми зерттеу мен педагогикалық тәжірибенің сабақтастығын нығайтудың, тәрбиешілердің кәсіби ізденісін қолдаудың және балалардың тілдік қабілеттерін дамытуда заманауи әдістерді қолданудың маңызын атап өтті. Іс-шара барысында зерттеудің мақсаты, міндеттері, негізгі бағыттары және эксперименттік жұмыстың кезеңдері таныстырылды. Қатысушылар фонематикалық қабілет, фонематикалық есту, қабылдау, дыбыстық талдау және жинақтау ұғымдарының мазмұнымен танысты. Сонымен қатар нейролингвистикалық әдістердің мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың сөйлеу дыбыстарын естуіне, тануына, бір-бірінен ажыратуына және дұрыс айтуына ықпалы қарастырылды.

Практикалық бөлімде қатысушылар «Дыбыс», «Сөз», «Қимыл», «Ырғақ», «Буын» атты бес топқа бөлініп, шығармашылық таныстыру тапсырмаларын орындады. Семинар-тренинг барысында «Фонемалық код», «Дыбыстық радар» ойындары, есту, көру, сөйлеу және қимыл әрекеттерін өзара байланыстыратын нейролингвистикалық тапсырмалар ұсынылды. Қатысушылар фонематикалық қабілет пен нейролингвистикалық әдістерге қатысты сұрақтар мен ұғымдарды сәйкестендіріп, топтық тапсырмалар орындады. Іс-шара соңында қатысушылар QR-код арқылы Padlet платформасына өтіп, семинар-тренингтің мазмұны, тәжірибелік тапсырмалардың тиімділігі және оларды мектепке дейінгі ұйым жұмысында қолдану мүмкіндіктері жөнінде кері байланыс қалдырды.

Ғылыми-практикалық семинар-тренинг мектепке дейінгі ұйым педагогтарының мектеп жасына дейінгі балалардың фонематикалық қабілетін дамытуға арналған нейролингвистикалық әдістер жөніндегі түсінігін кеңейтіп, ғылыми негізделген тапсырмаларды тәжірибеде қолдану дағдыларын жетілдіруге ықпал етті. №49 «Ақниет» бөбекжайындағы эксперименттік зерттеу жұмысы бекітілген бағдарламаға сәйкес жалғасын табары сөзсіз.

Артқа қайту