19.11.2026
«DANCE FEST» – КҮЗГІ СТУДЕНТТІК АПТАЛЫҚТЫҢ ЕҢ ЖАРҚЫН ДОДАСЫ
Бүгін күзгі студенттік апталық аясында жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында «Dance fest» мың бұралған бишілер байқауы өтті. Жас таланттар сайысы өнерлі өрендерді анықтап, оларды шығармашылық қолдауға және студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Өнер додасына өз факультеттерінің намысын қорғаған 7 бишілер тобы өзара сайысқа түсті.
Сахнаға шыққан бишілер әуен ырғағымен тал шыбықтай бұралып, көрерменнің назарын лезде жаулап алды. Олардың би өрнегі музыкамен біте қайнасып, қимыл тілімен үнсіз сыр шерткендей. «Халық биі» және «Заманауи би» кезеңдері ерекше әсер қалдырды.
Алғашқы кезеңде қатысушылар әртүрлі халықтың биін таңдап, ұлттық киім мен би қимылын үйлестіріп сахналады. Атап айтсақ, Сорбонна-Қазақстан институтының бишілері қытай биін нақышына келтіріп билесе, Жаратылыстану және география факультеті өзбек биін, Өнер факультеті үнді биін, Математика және физика факультеті қазақ биін жоғары деңгейде орындады. Педагогика және психология факультеті ұйғыр биінің күрделі элементтерін паш етсе, Филология факультеті испан биімен және Әлем тілдері факультеті шығыс биінде сахналық образдарымен көзге түсті.
Екінші «Заманауи би» кезеңі кештің ең әсерлі тұсы болды десек артық айтқандық емес. Жастар пластика мен «бидің тілі» арқылы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді сомдап, көрерменге терең ой тастауға тырысты. Жиналған жұртшылыққа эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, хореографиялық шеберлік терең ойға жетеледі. Еліткен энергия, табиғи харизма, қимыл-қозғалыс үйлесімділігі, ырғақты сезіну мен сахнада өзін-өзі ұстауы қазыларға таңдау жасауда қиындық туғызғаны анық. Байқау барысында бір команда ұлттық нақышқа басымдық берсе, енді бірі бірегей сахналық образ жағынан оқ бойы озық шығуға тырысты.
Тартысқа толы бәсекеде жүлделі I орынды Әлем тілдері факультеті иеленіп, II орынға Филология факультетінің студенттері лайық деп танылды. Сорбонна-Қазақстан институтының өнерпаздары ІІІ орынды қанжығасына байлады. Ал «Үздік ұлттық би» аталымы бойынша Математика және физика факультеті топ жарса, «Үздік заманауи би» номинациясын Өнер факультеті студенттері алды. «Ең үздік композиция» сыйлығына Педагогика және психология факультеті, «Көрермен көзайымына» Жаратылыстану және география факультетінің командасы ие болды.
Би өнеріндегі шеберлікті, сахналық мәдениетті және шығармашылық шеберлікті көрсететін мәдени іс-шарада қатысушылар өнерін кәсіби хореографтар мен мәдениет саласының мамандары бағалап, жүлделі орындар мен ақшалай сертификаттарды табыстады.
«Abai University» медиа орталығы