19.11.2026
ПОМОР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕСМИ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ КЕЛДІ
Бүгін Абай университетінде Польшаның Слупск қаласындағы Помор университетінің делегациясымен кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеру және ғылыми білім беру жобаларын кеңейту.
Кездесуге Помор университетінің ректоры Збигнев Осадовский бастаған делегация өкілдері арнайы келді. Абай университеті тарапынан жиынға Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау және департамент басшылары мен факультет декандары қатысты. Әрбір факультет басшылығы өз бағыттары бойынша серіктестік орнату идеяларын ортаға салып, тарих, құқықтану, биология, география, өнер және жасанды интеллект салаларында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу туралы айтты.
Шетелдік оқу орнының басшылығы Абай университетімен серіктестіктің жоғары нәтижелерін сараптап, ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді. Педагогикалық қара шаңырақ қабырғасында Польша тілі мен мәдениеті орталығының ашылатыны айтулы оқиға екенін алға тартты.
– Польша заңнамасындағы жаңа талаптарға сәйкес, қос диплом бағдарламасына қатысу үшін студенттерге ағылшын немесе поляк тілін B2 деңгейінде меңгергенін растайтын сертификат қажет. Осы орайда біз студенттерге бірінші курстан бастап тілді жетілдіруге мүмкіндік жасап, Поляк тілі мен мәдениеті орталығында Польшадан арнайы келетін оқытушыдан білім алу мүмкіндіктерін ұсынып отырмыз. Қазақстандық жас ғалымдарды 10 ғылыми бағыт бойынша докторантураға шақырамыз. Алдағы уақытта екі университет ғалымдарының бірлескен жетекшілігімен қос докторантура бағдарламасын іске асыру, Еуропалық Одақтың ғылыми гранттарына бірге қатысу және Польшадағы жаңа ғылыми базада жазғы мектептер ұйымдастыру бастамаларын жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Помор университетінің ректоры Збигнев Осадовский.
Абай мен Помор университеттері арасындағы ынтымақтастық 2012 жылдан бастау алады. Күні бүгінге дейін жоғары оқу орындары арасында серіктестік нәтижесінде қос дипломды білім беру бағдарламары іске қосылып, білікті мамандар даярланып жатыр. Мәселен 200-ден астам білім алушы Польшада білім жетілдіріп, тағылымдамадан өтсе, қара шаңырақтың 30-дан астам оқытушы-профессоры академиялық алмасу бойынша тәжірибе жинақтаған.
Қазіргі таңда «Орыс филологиясы» мамандығы бойынша сәтті жүзеге асып жатқан қос дипломды білім беру бағдарламасын өзге де бағыттарға енгізу жоспары қаралуда. Бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде білім алу тетіктері, студенттер мен оқытушыларға арналған қысқа мерзімді және семестрлік академиялық ұтқырлық бағдарламалары, Erasmus+ гранттары мен Помор университетінің жаңа ғылыми-зерттеу орталығында жазғы мектептер мен тағылымдамалар өткізу туралы да ауқымды идеялар бар.
Кездесу нәтижесінде тараптар ұсынылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтап, алдағы уақытта бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыруға мәмілеге келді. Айта кетейік, ертең, яғни 20 қараша Абай университетінің қабырғасында Поляк тілі мен мәдениеті орталығы салтанатты түрде ашылады.
«Abai University» медиа орталығы