ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ: АРНАЙЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ БОЛАШАҒЫ

ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ: АРНАЙЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ БОЛАШАҒЫ

Бүгін Алматыда Абай университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы арнайы білім беру жүйесінің қалыптасу тарихы және даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Қазақстан, Армения, Польша, Хорватия, БАӘ, Үндістан, Түркия, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия және Пәкістан ғалымдары мен практиктері ғылыми жиында өзекті мәселелерді көтерді.

Кейінгі жылдары «арнайы білім беру», «инклюзивті білім беру» тіркестері жиі айтылып жүр. Екі ұғымның анықтамасы бөлек болғанымен бір-бірімен сабақтас екен ұмытпау керек. Инклюзивті білім беру – бала бойындағы ақыл-ойдың, физикалық әрекетің ерекшелігіне қарамай көппен бірге оқу, мектепте тәрбиеге, еңбекке баулу процесі. Әдетте ерекше балалар көбінесе үйден оқитын. Мұндай жүйе баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтпауына, қоғаммен етене жақын араласуына себепкер болары анық.

Арнайы білім беруге тоқталсақ. Ол – ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мамандандырылған түзету-педогогикалық әдістеме мен бағдарламалар жүйесі. Міне, осылайша қос ұғым бір арнаға тоғысады. Абай университетінде арнайы педогогтарды дайындау сонау 1976 жылдан бастау алған. Бүгінгі халықаралық конференция Арнайы педагогика кафедрасының 50 жылдығына орайластырылды.  

Конференция шымылдығын Абай атындағы ҚазҰПУ Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова ашып, арнайы педагог мамандарды даярлаудың маңызына тоқталды. Ал жиында сөз алған ғалымдар арнайы білім берудің қалыптасу тарихы, бүгінгі жай-күйі және болашағын жан-жақты талқылады. Университет ғалымдары жарты ғасырлық тарихы бар кафедраның кадр даярлаудағы жетістігі, жаңа білім беру бағдарламалары туралы сөз қозғады.

Шетелдік ғалымдар инклюзивті білім беру ісіндегі жаһандық тәжірибелерді сараптап, саланың даму бағыттарына қатысты баяндама жасады. Мәселен, армениялық профессор Жанна Пайлозян өз еліндегі арнайы педагогтарды даярлаудың өзекті мәселелеріне тоқталса, польшалық ғалым Ева Мария Кулеша инклюзивті білім беру саласында жұмыс істеуге педагогтарды даярлау моделін таныстырды. Шара барысында өзге де жергілікті және шетелдік ғалымдар баяндамасын оқып, тың бастамалар көтерді.

Конференция арнайы білім беру – бір елдің ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ мәселесі екенін көрсетті. Қазақстандық мектептің тәжірибесі мен шетелдік әріптестердің ұсыныстары болашақта кадр даярлау сапасын арттыруға, инклюзивті білім беруді дамытуға және бірде-бір баланы шетте қалдырмауға бағытталған ортақ бағытты айқындады. Айта кетейік, екі күнге жоспарланған халықаралық конференция ертең секциялық отырыстармен жалғасады.

 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту