АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НОМИНАЦИЯЛАРҒА ИЕ БОЛДЫ

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  НОМИНАЦИЯЛАРҒА ИЕ БОЛДЫ

Бүгін Астанада Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы басталды. Академиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жаһандық жиынға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы бастаған университет делегациясы қатысты.  Форум аясында білім беру саласындағы жетістіктері үшін Абай университетіне халықаралық екі номинация берілді.

Стратегиялық серіктестер форумы халықаралық академиялық диалог орнатып, жоғары білім сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту, инновацияларды енгізу және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін бірлескен бастамаларды іске асыруға арналды. Халықаралық стратегиялық серіктестер кеңесінің (ISPC) Бас хатшысы, профессор Олгун Чичек жиынға қатысушыларды құттықтап, форумның маңызын жеткізді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық серіктестікке, сұранысқа ие мамандар даярлауға және жоғары оқу орындарының зерттеу әлеуетін нығайтуға айрықша тоқталды.

– Қазақстан халықаралық ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтып, дарынды жастарды тартуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және озық технологияларды енгізуге қолайлы жағдай қалыптастырып жатыр. Біздің стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды сапалы білім алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және жастардың зияткерлік әлеуетін жүзеге асыруға қолайлы әрі тартымды алаңға айналдыру, – деді министр.

Форум бағдарламасына сәйкес, жоғары білім беру саласын цифрлық трансформациялау, трансұлттық білім беру, студенттер мен оқытушы-профессорлар қауымының академиялық ұтқырлық мәселелері де назардан тыс қалмады.

Іс-шара аясында қазақстандық университеттердің түрлі бағыттары жетістіктері бойынша марапаттау рәсімі өтті. Оқытушы-профессорлар құрамының кәсіби дамуын жетілдірудегі үздік жетістіктері үшін Абай университеті халықаралық «Excellence in Faculty Development Award» сыйлығына ие болды. Сондай-ақ жаппай ашық онлайн-курстарды (MOOC) әзірлеудегі үздік авторлық жетістіктері үшін «Outstanding MOOC Author Award» сыйлығы берілді. Бұл аталымға ие болған авторлар қатарында Нұржамал Ошанова, Айкенже Жамкеева және Майра Кемелбек сынды зерттеушілер бар.  

Халықаралық номинация – университеттің цифрлық білім беруді дамыту, инновациялық оқыту технологияларын енгізу және оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыру бағытында жүйелі еңбектің нәтижесі.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту