18.11.2026
«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Алматы қаласы мәслихатының депуттарын сайлауына байланысты «Әділет» партиясы Алматы қалалық үгіт-насихат тобының өкілдерімен кездесу өтті. Оған «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, Медеу аудандық филиалының төрағасы Ержан Медеуов және Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына кандидат Максим Когай қатысты.
Кездесу барысында партия өкілдері тұрғындармен тұрақты байланыс орнатудың, жергілікті деңгейдегі мәселелерді анықтап, оларды шешуге қоғамды кеңінен тартудың маңызын атап өтті. Осы орайда, Медеу ауданының тұрғындарына өз ұсыныстарын жолдау, күнделікті өмірде кездесетін түйткілдер туралы хабарлау, басым бағыттарды талқылауға қатысу және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласу ұсынылды.
– Абай университетінің қызметкерлерімен кездесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Біздің партияның негізгі бағыттарының бірі – білім беру инфрақұрылымын дамыту және педагог кадрлардың әлеуетін арттыру. Сонымен қатар заманауи оқыту әдістерін меңгеру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу мәселелеріне басымдық беруге назар аударамыз, – Станислав Канкуров.
Өз кезегінде мәслихат депутаттығына кандидат Максим Когай сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, басты міндеттердің бірі – тұрғындардың әлеуметтік және қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Кандидат денсаулық сақтау саласында медицина мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды қолдайтынын, сондай-ақ жыл сайын арнайы білім беру гранттарын бөлу бастамасын дамыту қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, экологиялық ахуалды жақсарту, аудан аумағын абаттандыру, жастардың кәсіби білім алуына және жұмысқа орналасуына қолдау көрсету, «Almaty AI Park» құру мен «Almaty AI Hub» жобасын дамыту, құрылыс саласындағы мәселелерді жетілдіру бағыттарына назар аударды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өзекті мәселелер бойынша өз сұрақтарын қойды. Партия өкілдері тұрғындардың ұсыныстары мен бастамаларын бірлескен жұмыстың маңызды бөлігі ретінде қарастыратынын жеткізді.
«Abai University» медиа орталығы