ФУТБОЛДАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ ЧЕМПИОНЫ АНЫҚТАЛДЫ

ФУТБОЛДАН ҚАРА ШАҢЫРАҚ ЧЕМПИОНЫ АНЫҚТАЛДЫ

Бүгін Күзгі студенттік апталық аясында ұйымдастырылған футболдан факультет аралық жарыс өз мәресіне жетті. Әр факультет бір командадан шығарып, жалпы саны он бір құрама шын мықтыны анықтады.

Қара шаңырақта білім алушылар апталығы жылына бірнеше мәрте өтеді. Өнерге құштар, спортқа бейім жастардың бабы мен бағы қатар сынға түсетін сайыстардың болуы тек білім ордасы үшін емес, болашаққа деген үлкен бастама. Әсіресе футбол туралы айтылар әңгіме көп.

Қазір футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының кейінгі кездердегі нәтижесін еске алсақ. Словакия, Молдова, Фарер аралдары сынды ортаңқол ойыншылардан құралған ұжымнан айласын асыра алмай дал болуда. Бұл – қазақ теңбіл доп тарихындағы ең нашар көрсеткіш десек қателеспейміз. Ал бүгінгі доданың артықшылығы неде? Қарапайым футбол турнирінде жасыл алаңда еркін көсіліп, көзге ерекше түскен жастар әлемдік жұлдызға айналғаны туралы оқиғалар жетерлік. Бәлкім тауы шағылған қазақ футболының келешек жұлдыздары осы турнирде отандық скауттардың көзіне түскен болар. Міне, дүбірлі доданың көпшілік байқай бермейтін пайдалы тұсы.

Бүгінгі ала доп аламанында ойыншылар барын салды. Матчтың әр минуты шаршы алаңдағы бос кеңістік үшін талас, допты бақылауда ұстау, қарсыластың осал тұсын табу. Таңертең басталған жарыста үздіктер сұрыпталып, турнир түс ауа мәресіне жетті.

Үшінші орынды Математика және физика факультеті місе тұтса, Тарих және құқық факультетінің жігіттері екінші орын алды. Ал он бір команданың ішінде топ жарған – Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық ұжымы.

Сайыс барысында арнайы номинациялар табысталды. Мәселен, «Ең ұйымшыл команда» – Сарбонна-Қазақстан институты, «Үздік команда» – Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті, «Спорттық рух үлгісі» – «EVEREST», «Үздік қорғаушы» – Рамазан Қаржауов, «Көрермен көзайымы» – Алмас Насиров, «Жарқын команда» – Әлем тілдері факультеті, «Үздік шабуылшы» атағына Дарын Қахарман лайық екенін дәлелдеді.

Еске салайық, бүгін студенттік апталықтың үшінші күні. Дәстүрлі түрде өтетін апталықтың төртінші күні білім алушылардың хореографиялық және шығармашылық қабілетін саралайтын «Dance Fest» би конкурсы өтеді.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту