Абай университетінде гуманитарлық білім берудің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

Абай университетінде гуманитарлық білім берудің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті

2026 жылғы 17 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылықтық бағдарлар және даму перспективалары» атты IV Қазақстандық философиялық конгресс аясында «Қазіргі Қазақстанда философияны, этиканы және мәдениеттануды оқытудың мәселелері мен перспективалары» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны университеттің Тарих және құқық факультетінің Гуманитарлық ғылымдар кафедрасы ұйымдастырды. Жиынның модераторы Ауелгазина Толқын Құдайбергенқызы іс-шара барысында тақырып аясында еркін пікір алмасу ұйымдастырды.

Ғылыми басқосуға Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен профессорлар қатысты. Атап айтқанда, Өзбекстан мен Жапонияның ғылыми-академиялық қауымдастығының өкілдері онлайн форматта қатысып, гуманитарлық білім берудің өзекті мәселелері жөніндегі ғылыми тәжірибелерімен бөлісті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар философия, этика және мәдениеттану пәндерін оқытудың заманауи әдіснамалық тәсілдері, ұлттық құндылықтарды білім беру мазмұнына кіріктіру, цифрлық технологияларды қолдану, академиялық адалдық пен кәсіби этиканы қалыптастыру мәселелері барысында өз пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы әзірлеген философия, мәдениеттану және этика бағытындағы жаңа оқулықтар мен монографиялардың тұсаукесері өтті.

Халықаралық дөңгелек үстел отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстандағы гуманитарлық білім беруді дамытудың өзекті бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Жиын қорытындысы бойынша тиісті қарар қабылданды.

   


Артқа қайту