ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДЕ ТИІМДІ КОММУНИКАЦИЯ ОРНАТУ МАҢЫЗДЫ

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДЕ ТИІМДІ КОММУНИКАЦИЯ ОРНАТУ МАҢЫЗДЫ

Елімізде білім беру ортасын әрбір баланың ерекшелігі мен қажеттілігіне бейімдеп, барлығына тең әрі сапалы білім алуға жағдай жасау маңыздылығы уақыт өткен сайын артып келеді. Соған сәйкес инклюзивті білім беретін сапалы педагог кадрлар даярлау Абай университеті үшін маңызды міндет. Бүгін білім ордасына арнайы келген шетелдік ғалым, логопед Жанна Пайлозян мұғалім мен ата-ананың қарым-қатынас орнатуы бойынша шеберлік сабақ өткізді.

Қазіргі заманғы арнайы педагогика ғылымында ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы сәтті әлеуметтендіру мен оңалту ісінде отбасы институтына басты рөл беріледі. Баланың дамуында оң динамикаға қол жеткізу маманның жеке кәсіби біліктілігіне ғана емес, жанұясымен сауатты коммуникация орнатуына тікелей тәуелді. Бұл туралы Армян мемлекеттік педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Жанна Арутюновна практикалық сабақта кеңінен баяндады.

Шеберлік сабағы ерекше қажеттілігі бар балаларды түзету-дамыту процесінде «не істеу керек?» деген сұрақпен қатар, «отбасымен қалай диалог құру керек?» деген коммуникативтік мәселеге арналды. Түзету педагогикасы тәжірибесінде маман мен отбасы арасындағы байланыстың әлсіздігіне әкеліп соғатын бірқатар жүйелі проблемалар байқалады. Мәселен ата-ана баланың мінез-құлқы мен әдеттерін жақсы білгенімен, оның психикалық функциялары мен сөйлеу тіліндегі бұзылыстарды ғылыми-диагностикалық тұрғыда біле бермейді. Сондықтан маман айтқан қорытындыға сенбейді.

Екінші мәселе – коммуникация барысында кәсіби терминологияның көп қолданылуы. Нәтижесінде ғылыми терминдерді отбасы мүшелері толық түсінбегендіктен, арнайы педагогпен сөйлесуге тосқауыл пайда болады. Үшінші кедергі – ата-ананың пассивті ұстанымы. Көбінесе түзету жұмысының жауапкершілігін маманға жүктеліп, әке-шешесі процестен оқшау қалып қоятындықтан оңалу тиімділігін айтарлықтай төмендетеді.

Дәріскер маман мен отбасы арасындағы қарым-қатынас эволюциясын талдай келе, өзара әркеттесудің үш моделін ұсынды. Мәселен «Қатысу» моделінде маман басты рөл атқарып, ата-ана пассивті тыңдаушыға айналады. Ол ерекше қажеттілігі бар баланың түзелуіне кері әсерін тигізеді. Ал «Араласу» моделі бойынша екіжақты диалог орнап, жанұя мүшелері берілген кеңестерді орындауға белсенді атсалысады. Ең жоғары деңгей «Ынтымақтастық» моделінде отбасы мен маман тең құқылы серіктес ретінде бірігіп, баланың жан-жақты дамуына барынша қолайлы орта қалыптастырады.

Арнайы педагогтың кәсіби даярлығында терең әдістемелік біліммен қатар, жоғары коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру шешуші мәнге ие. Сарапшы ата-анамен тең дәрежеде диалог құра білуі, эмоционалдық жағдайды ескеруі және ортақ мақсатқа жұмылдыруы – түзету-дамыту жұмысының табысты болмағының кепілі. Баланың әлеуетін толық ашу – тек педагогтың немесе ата-ананың ғана міндеті емес, екі тараптың ортақ түсінінігінің жемісі. Мамандардың ата-аналармен ашық диалог негізінде жұмыс істеуі әрбір баланың жарқын болашағына жасалған сенімді қадам болмақ.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту