17.11.2026
ВОЛЕЙБОЛДАН УНИВЕРСИТЕТ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
Халықаралық студенттер күніне орайластырылған «Күзгі студенттік апталық» бүгін факультетаралық волейбол ойындарымен жалғасты. Спорттық додаға факультеттің жалынды жастарынан құралған 10 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Тордан доп қарғытқан үздіктерге арнайы медаль тағылып, қаржылай сыйлықтар берілді.
Абай университетінде жыл сайын білім алушылардың шығармашылығын дамытуға бағытталған күзгі және көктемгі апталық өткізу игі дәстүрге айналған. Студенттердің бойындағы талантын танытып, бірлік пен ынтымаққа шақыратын бастама биыл да жалғасын тауып отыр. 13 қарашада басталған апталықта волейбол және футболдан жарыс өткізу жоспарланған. Соған сәйкес, бүгін қара шаңырақ жастары спортзалға жиналып, бәйгеге түсті.
Спорттық сайыстың ашылу салтанатында университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау жастарды мерекемен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дәстүрге айналған жарыста араларыңызда жыл сайын ойнап жүргендер мен жаңадан қосылғандар да бар. Бұл жарыста үздіктер анықталады. Оның ішінен мықтылар іріктеліп, Универсиадада университетіміздің намысын қорғайтын құрама жасақталады. Сондықтан бәріңізге сәттілік тілеймін! – деді проректор.
Турнир барысында командалар жоғары дайындығын, әрбір ұпай үшін тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылардың шеберлігімен қатар, жеңіске деген ұмытылысы, командалық бірлігі мен қолдауы ерекше байқалды. Жанкүйерлер де факультет командаларына белсенді қолдау көрсетіп, ойыншылардың жігерін жаныды.
Дода қорытындысы бойынша Математика және физика факультетінің командасы үздік нәтиже көрсетіп, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орын Жаратылыстану және география факультетінің құрамасына бұйырса, Сорбонна-Қазақстан институтының шәкірттері үздік үштікті түйіндеді. Жарысқа қатысқан өзге факультет командалары да марапаттан құр қалмады. Оларға белсенділігі, спорттық шеберлігі және командалық рухы үшін университет атынан арнайы аталым бойынша сый-сияпат жасалды.
Айта кетейік, күзгі студенттік апталық ертең факультетаралық футбол турнирімен жалғасады. Университеттің М.Әуезов атындағы спорт кешенінде өтетін бәсекеге 11 команда қатысып, ашық алаңда ойын көрсетпек.
«Abai University» медиа орталығы