17.11.2026
АҚПАРАТТЫҚ ДӘУІРДЕГІ ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ЫҚПАЛДАСУЫ СӨЗ БОЛДЫ
Дүниежүзілік философия күніне орай Абай университетінде «Қазіргі Қазақстанда философияны, этиканы және мәдениеттануды оқытудың мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Үш бірдей саланың сабақтастығын қамтамасыз ету мен жоғары білім беру жүйесіндегі орнын айшықтап, мазмұны мен бағдарын жетілдіру өзекті педагогикалық мәселеге айналды. Сондықтан бүгінгі басқосу жаһандық һәм отандық философия ғылымының түйткілдерін ортаға салып, талқылауға бағытталды.
Философия – қоғамның өзін-өзі тануының интеллектуалдық негізі болса, этика – адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің өлшемі. Ал мәдениеттану – ұлттың рухани жады мен мәдени болмысын зерттейтін ғылым. Жасанды интеллект мен цифрлық дәуірдің қарқынды дамуы адамзаттың өмір сүру пәлсапасын түбегейлі өзгерту үстінде. Сол себепті гуманитарлық салалар жаңа технологиялық дәуірде ерекше маңызға ие болып, терең ойлануды және жаңаша пайымдауды талап етіп отыр.
ЖИ мен нейрожелілер «адамша» ойланып, мәтін жазып, сурет салған заманда қазақ философиясы үшін «адамның болмысы», «сана» және «рух» ұғымдарын келер ұрпаққа түсіндіру үшін замануи оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану қажет. Тіпті цифрлық технологиялар ақпаратты жылдам қабылдауға үйреткенімен, терең философиялық талдау мен сыни ойлау қабілетіне сызат түсіруі мүмкін екенін де ескергеніміз жөн. Сондықтан ұлттық философиялық ойды цифрлық кеңістікте заманауи тілде сөйлету – басты міндет. Бүгінгі ғылыми басқосу осындай келелі мәселелерді сын тезінен өткізді.
Алқасөз «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылық бағдарлары және даму перспективалары» атты IV қазақстандық философиялық конгресс аясында ұйымдастырылды. Оған елімізге белгілі ғалымдар, оқытушы-профессорлар мен жас зерттеушілер және студенттер қатысты.
Күнтізбедегі түйткілді өзекті арқау еткен жиында философия, этика және мәдениеттану пәндерін оқытудың өзекті мәселелері талқыланды. Үш саланың жоғары білім беру жүйесіндегі орны мен маңызын айқындап, мазмұнын жетілдіру жолдары мен даму көкжиегі сараланды. Дөңгелек үстелде ғалымдар осы ғылым салаларына туындатып отырған заманауи сын-қатерлерге кеңінен тоқталды.
Отандық және шетелдік жетекші мамандар ұлттық құндылықтар мен рухани-мәдени мұраны жоғары білім беру мазмұнына кіріктіру, цифрлық білім беру ресурстарын қолдану тетіктерін талдады. Өзге елдер тәжірибесін негізге ала отырып, қазақ философиясын дамыту жолдарын ұсынды.
«Abai University» медиа орталығы