АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АШЫҚ ӨНЕР ГАЛЕРЕЯСЫ АШЫЛМАҚ

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АШЫҚ ӨНЕР ГАЛЕРЕЯСЫ АШЫЛМАҚ

Бүгін Абай университетінде «The Children are Painting the World» («Балалар әлемді бейнелейді») қоғамдық қорының өкілдерімен кездесу өтті. Жиында көркемдік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, мәдени мұраны сақтау және жас таланттарды қолдау бағытында стратегиялық әріптестік орнату туралы сөз болды. Оқу орны мен ұйым бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктерін талқылады.

Басқосуға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп, Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова және Өнер факультетінің басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. Кездесу барысында «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қорының Алматы қалалық филиалы директоры Ханзада Есенова халықаралық ұйымның қызметін, негізгі бағыттары мен жаһандық бастамаларын таныстырды. Аталған бірлестік балалардың бойындағы шығармашылық қабілетін шыңдау өнерге қызығушылығын арттыру, жас таланттардың әлеуетін ашуға жұмыс істейді .

– Абай университеті жүз жылға жуық тарихы мен зор беделі бар, педагогикалық көшбасшы жоғары оқу орны. Сіздерде көркем білім беру бағытында ұлттық үйлестіру жүйесі қалыптасқан, біздің ұйымда балалар шығармашылығын интеграциялаудың мол тәжірибесі бар. Мәселен Қазақстан мен Еуропа ғалымдары, педагог-суретшілері – біздің ұйым мүшелері.  Осы бағытта оқу орны ұжымымен бірлесе жобалар атқарсақ деген ниетпен келіп отырмыз, – деді Ханзада Есенова.

Қоғамдық қор 6 нақты бағыт бойынша тиімді ынтымақтастық ұсынып, соның ішінде ғылыми бағытқа ерекше мән беріп отыр. Ең маңыздысы – шығармашылығы мен білім беру зертханасын ашуды ұсынды. Бұл зертхана магистранттар, докторанттар және педагогтар үшін ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізумен айналыспақ. Білім беру және ғылыми бағытта университет әлеуетін қоғамдық қордың халықаралық жобаларымен ұштастыру, тәжірибе алмасу, шығармашылық кездесулер мен көрмелер ұйымдастыру да жоспарда бар. Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған мәдени-білім беру бастамаларын бірлесіп жүзеге асыру жайы да назарға алынды.

Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы ұсыныс пікірлерге қолдау білдіріп, бастаманы қолдауға дайын екенін мәлімдеп, халықаралық ұйымға оң бағасын берді.

– Балалар шығармашылығын дамыту үшін арнайы ғылыми зертхана ашып, Өнер факультетінің 60 жылдық тарихы бар ғылыми мектебін қайта жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ факультетті Алматы тұрғындары мен қонақтары еркін кіре алатын ашық өнер галереясына айналдырып, қордағы үздік туындылардың арнайы каталогын шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді ректор.

Тараптар осындай ілкімді жобалар бойынша бірлесе жұмыс істеп, көркемдік білім беру, мәдени мұраны сақтау және жас таланттарды қолдау бағытында ынтымақтастық орнатуға уағдаласты. Алдағы уақытта өзге де шығармашылық пен білім беру саласында серіктестікті нығайту жолдары жоспарланып отыр.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту