ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БАҒЫТЫНДА СЕРІКТЕСТІК ОРНАМАҚ

ЦИФРЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БАҒЫТЫНДА СЕРІКТЕСТІК ОРНАМАҚ

17 қарашада Абай университетіне Қытайдан «Shaanxi Shangpin Shuren Education Technology Co., Ltd» компаниясының өкілдері жұмыс сапарымен келді. Кездесуде тараптар білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жасанды интеллект, IT және цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелерін талқылады.

Қытай делегациясының құрамында «Shangpin Shuren Education» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, «Бір белдеу – бір жол» кәсіптік білім беру альянсы Бас хатшысының орынбасары Сюэ Мин, аталған компанияның Орталық Азия бойынша жобалар жөніндегі маманы Вэнь Синь және компания өкілі Сюэ Чжичэнь болды. Ал университет тарапынан Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова бастаған жауапты құрылымдық бөлім өкілдері қатысып, оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарындағы мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ оқу орнында жаңадан ашылған Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің цифрлық білім беру мен жаңа технологиялар бағытындағы жаңалықтары көрсетілді.

Қытайлық делегация жасанды интеллект технологияларын дамытуға және оларды білім беру жүйесінде қолдануға қызығушылық танытып отыр. Олар Қазақстандағы жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату арқылы ЖИ саласындағы технологиялық шешімдерін жергілікті білім беру және өндіріс салаларына ұсынуға ниетті екенін жеткізді. Аталған бағыттағы ынтымақтастық білім алушыларға заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, кәсіби тәжірибе жинауға жол ашады.

Компания өкілдері қазақстандық докторанттар мен оқытушыларға аспан асты елінде ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін бағдарламалары туралы сөз етті. Атап айтқанда, Қытайдың Білім министрлігі ұсынған мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстан ғалымдарына ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берілмек.

Кездесуде оқытушылардың біліктілігін арттыру, студенттер мен докторанттардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері де қаралды. Жиын соңында тараптар алдағы уақытта білім беру, ғылым және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара байланысты нығайтуға уағдаласты.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту