17 ҚАРАША – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ

17 ҚАРАША – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ

Бүгін – Халықаралық студенттер күні. Студенттік кезең – адам өмірінің ең керемет, қайталанбас шағы. Армандарға қанат қағып, жаңа достар тауып, білімге құштар болатын алтын уақыт. Еліміздегі тұңғыш университет қабырғасында күні бүгінге дейін 250 мыңнан астам адам студенттік шағын өткізген. Ал қазіргі таңда оқу орнында 23 мыңнан астам студент білім алып жатса, оның ішінде 2713 шетелдік азамат бар.

Елімізде жоғары білім алуға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 122 жоғары оқу орны жұмыс істесе, онда білім алып жатқан студенттердің жалпы саны 700 мыңнан асады. Жоғары білім кеңістігінде тұңғыш университет – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің орны айрықша.

Қара шаңырақ ұлттық білім беру жүйесінің іргетасын қалап қана қоймай, отандық педагогикалық ғылымның бағыт-бағдарын айқындайтын жетекші ғылыми-әдістемелік орталыққа айналды. Бүгінде Абай университетінде 23 мыңнан астам шәкірт  білім алып жатыр, оның ішінде 2 713 шетелдік студент бар. Бұл  – білім ордасының халықаралық деңгейдегі беделін және отандық педагогикалық мектептің әлемдік нарықтағы жоғары сұранысын көрсетеді.

Абай университеті студенттердің жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуы үшін қолайлы экожүйе қалыптастырған.  Әлеуметтік топ мүшелеріне, үздік оқитын және белсенді жастарға арналған жеңілдіктер, шәкіртақы бағдарламалары мен жатақханамен қамту мәселелері жолға қойылған. Сонымен қатар студенттердің зияткерлік әлеуетін ашуға арналған ғылыми үйірмелер, «AI-SANA» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы стартап-жобалар мен инновациялық зертханалар және жастардың шығармашылығын дамытуға арналған 50-ге жуық студенттік ұйым жұмыс істейді.

Ең маңыздысы болашақ педагогтарды даярлауда заманауи оқыту элементтері мен үздіксіз педагогикалық тәжірибеге басымдық беріледі. Студенттер алғашқы курстан бастап Алматы мен Астана қаласындағы білім беру ұйымдарында тәжірибеден өтіп, жаңаша оқыту әдістемелері мен цифрлық технологияларды оқу үдерісінде меңгереді. Сондай-ақ дипломдық зерттеу жұмыстарын әзірлеу «Action Research» және «Lesson Study» форматында жүргізіледі.

Ғасырға жуық тарихында Абай университетінің қабырғасынан 250 мыңнан астам түлек білім алып, үлкен өмір жолына қадам басты. Бүгінде олар еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де қызмет етіп, білім мен ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Әрбір түлек студенттік шағын ыстық естеліктермен еске алады. Сондықтан тарихы терең, дәстүрі берік Абай университетінің студенті атану – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту