«BOOKLAB» ОҚЫРМАН КЛУБЫ ТҰСАУЫН КЕСТІ

«BOOKLAB» ОҚЫРМАН КЛУБЫ ТҰСАУЫН КЕСТІ

«Кітап оқитын ұлт» жобасының аясында бүгін Абай университетінде «Ойлар тоғысқан кеңістік» шарасы болып өтті. Онда қара шаңырақтың кітапқұмар студенттеріне арналған «Booklab» оқырман клубының тұсауы кесілді.

«Booklab» оқырман клубы – кітапты оқып қана қоймай, түйгенін талқылайтын, өз ойын еркін жеткізетін, өзгелердің көзқарасын тыңдайтын және жаңа идеялармен бөлісетін орта. Клубтың басты мақсаты – студенттер мен оқытушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, оқырман мәдениетін дамыту, еркін ой мен шығармашылық дамуға мүмкіндік беретін зияткерлік кеңістік қалыптастыру.

Клубтың негізін қалаушы, идея авторы Ақтоты Ақжолова жиын барысында сөз алып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керегін жеткізді.

– «Кітап оқитын ұлт» жобасына сәйкес, талантты, дарынды, оқымысты студенттердің басын қосатын бір орта құру бұрыннан жоспарымызда болды. Біз бүкіл университет жастары арасында кітап оқу мәдениетін және дәстүрін дамытқымыз келеді. Соның бастамасы ретінде осы клубты құрдық, – деді ол.

Тұсаукесер барысында қатысушылар қазақ әдебиетінің танымал шығармаларынан берілген үзінді-жұмбақтарды тауып, өз білімдерін сынады. Белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, «Booklab» жобасына атсалысқан ұстаздар мен белсенді студенттерге Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор артынан арнайы алғыс хаттар табысталды.

«Booklab» оқырман клубы енді тұрақты түрде жұмыс істеп, университетте білім алушылар арасындағы оқу мәдениеті мен зияткерлік қарым-қатынасты дамытуға үлес қоспақ. Қоғам қызығушылық танытқан түрлі жанрдағы кітаптарды идеялық-мазмұндық сапа тұрғысынан талқылап, авторлармен кездесу ұйымдастырып, рухани серпіліс тудыруды жоспарлап отыр.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту