16.11.2026
«ABAI DIGITAL» ПЛАТФОРМАСЫНА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Абай университетінде цифрлық трансформация жаңа деңгейге көтерілуде. Енді білім алушылардың оқу жетістіктері ғана емес, педагогикалық практикасы, қоғамдық белсенділігі мен кәсіби дамуы да «Abai Digital» бірыңғай платформасы арқылы жүйеленеді.
Цифрлық дайындық пен «Abai Digital» ақпараттық жүйесін дамыту бағыттары әрдайым университет басшылығының назарында. Жүйедегі жаңашылдықтың бірі – педагогикалық практиканы геолокация арқылы қашықтан бақылау мүмкіндігі. Қазіргі таңда 2407 студенттің педагогикалық практикасы цифрлық жүйеге тіркелген. Яғни, шәкірттердің білім беру ұйымындағы тәжірибеден өту көрсеткіші геоаймақ арқылы анықталады. Бұл – болашақ педагогтардың кәсіби даярлығын ұйымдастырып, университет пен практикалық база арасындағы байланысты тиімді басқаруға жол ашады.
Цифрлық жаңғырудың тағы бір маңызды нәтижесі – академиялық білім берудің электронды архивін қалыптастыру. Мәселен бұған дейін қолданыста болған «Универ» жүйесінен 35 623 білім алушының, «Платонус» жүйесінен 72 095 студенттің мұрағаттық деректері «Abai Digital» платформасына көшірілді. Сондай-ақ жаңадан оқуға қабылданған студенттердің құжаттары электрондық форматта сақталып, ақпаратқа қол жеткізу тиімділігі арта түсті.
Ендігі кезекте цифрлық жүйе студенттің академиялық үлгерімін ғана емес, тұлғалық дамуын да басты назарға алады. Өйткені жаңадан енгізілген «Әлеуметтік GPA» жобасы жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенділігі мен кәсіби дағдыларын сараптайды. Аталған жобаға қазіргі уақытта 231 студент қатысып, сынақтан өтуде. Жеке тұлғалық әдет-дағдыларымен қатар жастардың психологиялық ахуалы, эмоционалды тұрақтылығы зерделенеді.
Бұдан бөлек, платформаның «ИРБИС» кітапхана жүйесімен интеграциялануы оқу әдебиеттерін пайдалануды жеңілдетті. Оқытушылар силлабусқа кітапхана қорындағы еңбектерді тікелей енгізіп, студенттерге ашық дереккөздерді ұсынады. Ал куратор-эдвайзерлер аналитикалық құралдар арқылы студенттердің оқу үлгерімін саралап, орташа GPA көрсеткіштерін талдайды.
Тағы бір айта кетерлігі, «Abai Digital» экожүйесінде оқытушы-профессорлар құрамының цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған ашық онлайн-курстар іске қосылды. Атап айтқанда «Оқытушының цифрлық құралдары Abai Digital және Microsoft 365» курсын қазіргі таңда 46 педагог табысты аяқтаған. Алдағы уақытта «Abai Digital» экожүйесін білім беру, педагогикалық тәжірибе, студенттік даму және университеттік басқару үдерісіндегі цифрлық платформа ретінде дамыта бермек.
«Abai University» медиа орталығы