16.11.2026
КАНВОН УНИВЕРСИТЕТІМЕН ҚОС ДИПЛОМДЫ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ АШЫЛАДЫ
Абай университеті мен Корея Республикасының Канвон ұлттық университеті (Kangwon National University) арасында 2+2 форматындағы қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Ынтымақтастық аясында «6B01728 – Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша студенттерге екі жоғары оқу орнында білім алып, қос диплом иеленуге мүмкіндік беріледі.
Жуырда Абай университетінің өкілдері – Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова мен Халықаралық ынтымақтастық департаментінің маманы Құралай Манарбекқызы Корея Республикасында болып, «III Glocal Conference: KNU’s Global Expansion in Higher Education and Global Cooperation» атты III халықаралық конференцияға қатысып қайтты. Конференцияға 15 елден 76 жоғары оқу орны мен білім беру ұйымының өкілдері, сондай-ақ Корея университеттерінің, мемлекеттік және салалық мекемелердің мамандары жиналды. Онда жоғары білім беруді интернационалдандыру, академиялық байланыстарды нығайту және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту жайы сөз болды.
Сапар барысында екі университет арасында арнайы келісімге қол қойылды. Бұл құжат бойынша 2027-2028 оқу жылынан бастап, 2+2 форматына сәйкес үздік білім алушылар оқу кезеңдерін екі университетте өткізіп, Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның академиялық тәжірибелерін қатар меңгереді. Бағдарлама ағылшын және корей тілдерін жоғары деңгейде меңгерген, заманауи педагогикалық, зерттеушілік және цифрлық құзыреттері қалыптасқан бәсекеге қабілетті шет тілі мұғалімдерін даярлауды мақсат етеді. Оқу бағдарламасына тіл білімі, әдебиет, оқыту әдістемесі, білім беру психологиясы және педагогикалық практика кіреді. Канвон ұлттық университетіндегі академиялық курстар ағылшын және корей тілдері мен әдебиетін, ағылшын тілін оқыту және жаһандық бизнес бағыттарын қамтиды.
Абай университетінде көптілді білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Әлем тілдері факультетінде студенттер екінші шет тілі ретінде сегіз тілді меңгеруде. Қазіргі уақытта корей тілін 275 студент оқиды. Бағдарлама аясында студенттер тілдік және мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамытып, CLIL, жобалық оқыту технологиялары мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісінде қолдануды үйренеді. Сонымен қатар оқу, педагогикалық және дипломалды практикадан өтіп, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Бағдарлама түлектері ағылшын және корей тілдерін C1 деңгейінде меңгеріп, көпмәдениетті ортада еркін жұмыс істеуді және цифрлық технологияларды кәсіби қызметте тиімді қолдануды үйренеді.
Абай университеті мен Канвон ұлттық университеті арасындағы бұл серіктестік студенттердің халықаралық білім беру кеңістігінде тәжірибе жинақтауына, кәсіби біліктілігін арттыруына және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады деген үміт басым.
«Abai University» медиа орталығы