«СИРИУС» УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСТІ

«СИРИУС» УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСТІ

Абай университетінде ІІІ Таланттар саммиті аясында «Сириус» университетімен және «Талант және табыс» білім беру қорымен ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Басқосуда бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.

Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп модераторлық еткен кездесу  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бірлескен магистрлік білім беру бағдарламасының іске асырылу барысы мен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне арналды.

Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, РФ «Талант және табыс» білім беру қоры басшысының орынбасары, «Сириус» ғылым және технология университетінің директоры Антон Гусев, сол университет өкілдері, Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушы-профессорлар құрамы, сондай-ақ 7М01525 «Ғылыми-техникалық білім берудегі көшбасшылық» білім беру бағдарламасының магистранттары қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Абай мен «Сириус» университеттері бірлесіп жүзеге асырып жатқан қос дипломды магистрлік бағдарламаның іске асырылу барысы болды. Бағдарлама ҚР Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының бірыңғай тізіліміне енгізілген. 2026-2027 оқу жылында мемлекеттік білім беру гранттары негізінде аталған бағдарламаға 23 магистрант қабылданды.

Қатысушылар бағдарламаның мазмұны мен оқу процесін ұйымдастыруды, білім беру модульдерін ықпалдастыруды және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді жан-жақты талқылады. Магистранттардың кәсіби және зерттеушілік құзыреттерін қалыптастыруға, ғылыми-технологиялық білім беру саласындағы озық тәжірибелерді енгізуге ерекше назар аударылды.

Магистранттармен және оқытушылармен өткен ашық диалог барысында «Сириус» университетінің ғылыми-білім беру инфрақұрылымын пайдалану, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми жобалар әзірлеу және ортақ ғылыми жарияланымдар дайындау мүмкіндіктері қарастырылды.

Тараптар бағдарламаны одан әрі дамытуға, оның практикалық және зерттеушілік құрамдас бөліктерін күшейтуге, академиялық алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту