КҮЗГІ СТУДЕНТТІК АПТАЛЫҚ «СӘН МЕН САХНА» БАЙҚАУЫМЕН БАСТАЛДЫ

КҮЗГІ СТУДЕНТТІК АПТАЛЫҚ «СӘН МЕН САХНА» БАЙҚАУЫМЕН БАСТАЛДЫ

Бүгін Абай университетінде күзгі студенттік апталықтың шымылдығы «Сән мен сахна» байқауымен ашылды. Іс-шара студенттердің сахналық мәдениетін арттырып, шығармашылық әлеуетін мен дара болмысын танытуға бағытталған. Байқау қатысушылары төрт түрлі кезеңде бақ сынап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Күзгі студенттік апталықтың ашылу салтанатына университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп қатысып, келе жатқан Халықаралық студенттер күнімен құттықтады. Ректор өз сөзінде жастардың рухани бірлігі мен достығын арттыруға бағытталған апталық түрлі іс-шараларға толы болатынын жеткізді.

– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған апталықтың ашылуы додамен басталды. Өйткені, жарыс тек қана жеңіс пен жеңілістен тұрмайды, ол – сіздерді жетілдіреді. Сондықтан, студенттік апталық жастардың бойындағы білім мен талантты шыңдауға арналады. Әрі достық пен бірлікті насихаттап, командалық рухты қалыптастырады. Бұл апталық – сіздер үшін азаматтық мінез қалыптастыраын кезең деп есептеймін, – деді ректор.

17-қараша Халықаралық студенттер күніне орайластырылған апталықтың ашылуында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек те құттықтау сөз сөйлеп, жастарға ізгі тілегін білдірді. Ал, салтантты іс-шара тізгінін әртіс әрі әнші Перизат Алмас пен теле-радио жүргізушісі Руслан Шүңіреков ұстады.

«Сән мен сахна» байқауы бірнеше кезең бойынша өткізілді. Алғашқы «Танысу» бөлімінде қатысушылар өздерін таныстырып, шығармашылық бағыттары мен тұлғалық ерекшеліктерін көрсетті. «Авторлық көйлек» кезеңінде сән көрсетілімі ұйымдастырылып, «Өнерлі ұрпақ» кезеңінде жастар ән, би және сахналық өнермен өз қабілеттерін паш етті. Ал «Сәнім» кезеңі кештің сәнін кіргізіп, қатысушылардың талғамы мен сахналық образдарын айқындады.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Өнер факультетінің намысын қорғаған Арайлым Ырысалдыға бұйырды. Бірінші орынды Филология факультетінің студенті Ұлдана Илияс иеленсе, екінші орын Математика және физика факультетінің студенті Ұлжан Сүлеймановаға табысталды. Ал үшінші орынды Сорбонна-Қазақстан институтының білім алушысы Сымбат Ораз қанжығасына байлады.

Сонымен қатар қатысушылар бірқатар арнайы номинациялармен марапатталды. «Қылықты қыз» аталымы – Әлем тілдері факультетінің студенті Аяна Бахтиярқызына, «Ажарлы керім» номинациясы – Тарих және құқық факультетінің білім алушысы Малика Сембайға берілді. Ал Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің намысын қорғаған Дана Абдихалық «Сазды сұлу» атанды. «Кеш гауһары» аталымы – Педагогика және психология факультетінің студенті Әдемі Мақсатқа, ал «Көзайым» номинациясы Жаратылыстану және география факультетінің аруы Мөлдір Сағидоллаға бұйырды.

Марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарлама кештің мазмұнын толықтырып, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Алғаш рет өткізілген күзгі бал университеттің шығармашыл жастарын бір арнаға тоғыстырып, студенттік өмірге серпін берген мәдени жобалардың біріне айналды. 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту