13.11.2026
ҰЖЫМ ҰСЫНЫСЫ – УНИВЕРСИТЕТ ДАМУЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒДАРЫ
Бүгін Абай университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп бірнеше факультеттің оқытушы-профессорлар құрамымен және қызметкерлерімен кездесті. Факультет тарапынан өзекті мәселелер көтеріліп, басшылықпен ашық диалог орнады. Оқу орнының алдағы даму стратегиясы да талқыланып, ұжымдық ұсыныстар тыңдалды.
Іс-шараға Өнер және Foundation факультеті мен Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің оқытушы-профессорлар қауымы қатысты. Алдымен әр факультет деканы атқарылған жұмыстарды таныстырып, қол жеткізген жетістіктерін сөз етті. Еркін форматта өткен жүздесуде университеттің даму бағыттары және білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселелері назарға алынды.
Оқу орнындағы маңызды құрылымның бірі Өнер факультеті халықаралық серіктестікті нығайту жұмыстарын алға тартты. Әлемнің 12 елінің 27 жетекші жоғары оқу орнымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, 21 білім беру бағдарламасы толық аккредитациядан өтіп, білім сапасының айқын көрсеткішін дәлелдеген. Студенттік шығармашылық та назардан тыс қалмай, алты өзін-өзі басқару ұйымы белсенді жұмыс істеп келеді.
Университет басшылығына Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультеті де білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтары мен жетістіктерін таныстырды. Мәселен «Бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасы АРТА рейтингінде соңғы үш жылда көшбасшы атанып, Алматы қаласындағы 15 мектеппен педагогикалық практика бойынша келісімшарт орнатқан. Бұл – білім алушылардың теориялық білімі мен кәсіби шеберлігін арттырудың бірден-бір жолы.
Ал Foundation факультетінде шетел азаматтары мен қандастар үш түрлі бағытта оқытылады. Олар – «Ағылшын тілінде жаратылыстану пәндерінің мұғалімдерін даярлау», шетелдегі қазақ диаспорасын ЖОО-ға дайындау және тіл курстарын қамтиды.
Кездесу барысында әрбір оқытушы көкейдегі сауалдарын жолдап, білім беру ісіндегі түрлі мәселелерді көтерді. Университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы қызметкерлердің сұрақтарына жауап беріп, құрылымдық бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ педагогикалық қара шаңырақтың ғасырлық мерейтойына байланысты ұсыныстар тыңдалып, маңызды бағыттар сарапталды.
«Abai University» медиа орталығы