АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ФРАНЦУЗ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ФРАНЦУЗ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде студенттер мен түлектерге арналған танымал француз және басқа да халықаралық компаниялардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шара жастарды халықаралық еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен таныстыруды, жұмысқа орналасу мен кәсіби мансабын бастауды мақсат етіп отыр.

Жәрмеңке Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты қабырғасында Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға CCI France Kazakhstan, Fondation Lumières, ALSTOM, Schneider Electric, Bonduelle, Legrand, Air Astana, L’Oréal, Novotel, La Tartine, Almaty International Airport, Turkish Airlines және басқа да белгілі компаниялар қатысып, бос жұмыс орындары мен мансаптық мүмкіндіктерін таныстырды.

Ашылу салтанатында Францияның Қазақстандағы Бас консулы Максим Жеранже сөз сөйлеп, аталған жәрмеңкенің жастарға табысты еңбек жолын бастауға мол мүмкіндік екенін алға тартты.

– Бүгін Абай университетінде халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара өтіп жатыр. Бұл – студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Жәрмеңке барысында жастар компания өкілдерімен тікелей кездесіп, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, өз түйіндемелерін ұсынады. Сондай-ақ тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін қарастырады. Ең бастысы, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, еңбек нарығының талаптарын біледі, – деді Бас консул.

Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова өз сөзінде Абай университеті мен Францияның жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, Сорбонна-Қазақстан институтының құрылуы мен Лотарингия университеті филиалының ашылуы қазақ-француз білім беру байланыстарын жаңа деңгейге көтергенін жеткізді.

Жәрмеңке барысында жетекші компаниялардың қызметі мен бос жұмыс орындары таныстырылып, жұмысқа орналасу талаптары мен тағылымдамадан өту бағдарламалары түсіндірілді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің талаптарына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Үміткерлермен ағылшын, француз, орыс және қазақ тілдерінде сынақ сұхбаттары жүргізіліп, еңбек талаптары айтылды. Сондай-ақ жастарға жұмысқа орналасу бойынша өтінім беру, сауатты түйіндеме әзірлеу және жұмыс берушімен сұхбаттасу бойынша практикалық кеңестер ұсынды.

Айта кетейік, іс-шара барысында жәрмеңкеге қатысушылар арасында Turkish Airlines әуе компаниясының Париж-Алматы-Париж бағытында әуе билеті ойнатылады. Шетелдік компаниялардың Қазақстан жастарына арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі азаматтардың халықаралық аренада еңбек жолын бастауға ықпал ететіні сөзсіз.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту