ЖИ ДӘУІРІНДЕ ӨНЕР БАҒЫТЫНДА БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ЖИ ДӘУІРІНДЕ ӨНЕР БАҒЫТЫНДА БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Абай университетінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі өнер саласындағы білім беру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Айтулы жиынға Қазақстан, Түркия, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка Республикасы, Өзбекстан елдерінің зерттеуші-ғалымдары мен профессор-оқытушылары қатысты.

Ашылу салтанатында Абай атындағы ҚазҰПУ Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, сондай-ақ шетелдік әріптестер құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың және өнер саласындағы білім беруді жаңа технологиялармен ұштастырудың маңызына тоқталды.

Бүгінде жасанды интеллект өнердің жаңа бағыттарын қалыптастырып, шығармашылық үдерістерге тың мүмкіндіктер аша бастады. Осыған байланысты өнер саласында білім алушылардың дәстүрлі көркемдік дағдыларын сақтай отырып, заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалана білуі маңызды. Жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне енгізу шығармашылық ойлауды дамытуға, кәсіби құзыреттілікті арттыруға және болашақ өнер мамандарын жаңа талаптарға бейімдеуге ықпал етеді. Аталған бірқатар факторды ескерсек, тақырыптың өзектілігін байқауға болады.

Пленарлық отырыста шетелдік ғалымдар қолөнерде жасанды интеллектіні қолдану, кесте өнеріндегі ою-өрнектерді цифрлық құралдар арқылы жаңғырту, әйелдердің тоқыма өнері мен мәдени жады, тарихи ескерткіштерді сақтау, сондай-ақ жасанды интеллектінің гуманитарлық ғылымдарға ықпалы жөнінде баяндамалар жасады.

Конференция барысында Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Лю Веньбин Қытай мен Қазақстанның заманауи өнеріндегі трансформация үдерістерін салыстырмалы зерттеу тақырыбында сөз сөйлесе, Солтүстік-Батыс университетінің профессоры Хуан Мэнфан Қазақстан киносының жүз жылдық даму тарихына тоқталды.

Ғылыми жиында халықаралық әріптестердің бейнеқұттықтаулары тыңдалып, Жібек жолы өнерінің ортақ мұрасы, Қытай мен Орталық Азия арасындағы көркемдік алмасу және заманауи көркем білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Іс-шараның секциялық жұмыстары көркем білім, дизайн, музыкалық білім және хореография бағыттарын қамтыды. Қатысушылар бейнелеу өнерін оқытудағы жасанды интеллект, генеративті жобалау, визуалды коммуникация, музыкалық білім берудегі цифрлық технологиялар, виртуалды музейлер мен иммерсивті технологияларды қолдану дағдыларын қарастырды.

Айта кетейік, өнер мен білім беру саласындағы ғылыми тәжірибе алмасуға, заманауи технологиялардың шығармашылық үдерістерге ықпалын зерделеуге және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған шара соңында университет студенттері өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту