12.11.2026
ҒЫЛЫМИ КАДР ДАЯРЛАУДЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін Абай университетінде «Ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа қағидаттарын іске асыру үдерістері» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиында еліміздің жаңа буын ғалымдарды дайындау жүйесіне енгізілген жаңашылдықтар және ғылыми зерттеулер мен диссертациялық жұмыстарды орындауға қойылатын талаптар таныстырылды.
Кездесуде Абай университетінің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан 1-курс докторанттарына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2026 жылғы 23 маусымдағы №303 бұйрығына сәйкес «Дәрежелер беру қағидаларына» енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндады. Баяндау барысында PhD докторантурасының білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұны жан-жақты түсіндірілді. Мәселен докторантура бағдарламасы 180 академиялық кредиттен тұрады: оның ішінде теориялық оқытуға – 45, педагогикалық және зерттеу тәжірибесіне – 20, ғылыми-зерттеу жұмысына – 123, қорытынды аттестаттауға 12 кредит бөлінген. Бұл – болашақ зерттеушілердің теориялық білімін тереңдетумен қатар, ғылыми ізденіс жүргізу, дербес зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және академиялық ортада кәсіби құзыретін қалыптастыруға негізделген.
Сонымен қатар ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптар мен диссертациялық зерттеу нәтижелерін жариялау стратегиясына ерекше назар аударылды. Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми деректер базаларына енгізілген басылымдарда мақала жариялау негіздері сөз болды. Журнал таңдауда оның ғылыми бағытына, индекстелу мәртебесіне, CiteScore көрсеткішіне және Journal Citation Reports деректеріндегі импакт-факторына мән беру қажеттігі айтылды.
Қазіргі таңда ғылыми жарияланым сапасы мен ғылыми нәтиженің маңыздылығы басты өлшемнің бірі. Докторанттарға зерттеу тақырыбына сәйкес келетін беделді халықаралық журналдарды алдын ала анықтап, жарияланым жұмыстарын жүйелі жоспарлау қажет. Ғылыми мақала жазуда халықаралық академиялық стандарттарды сақтау, зерттеу нәтижелерінің жаңалығын негіздеу және ғылыми адалдық қағидаттарын ұстану маңызды.
Кездесудің тағы бір маңызды бағыты – жасанды интеллект технологияларын ғылыми және білім беру қызметінде пайдалану тәртібі. Соған сәйкес ҚР 2025 жылғы 17 қарашадағы №230-VII «Жасанды интеллект туралы» Заңының негізгі ережелері таныстырылды. Проректор ЖИ құралдарын ғылыми жұмыс барысында жауапкершілікпен қолдану қажеттігін жеткізді. Атап айтқанда, академиялық жұмыстарды әзірлеу кезінде ЖИ пайдаланылған жағдайда, оны ашық көрсету және тиісті сілтеме жасау, ақпаратқа фактчекинг жасау, ғылыми тұжырым негізділігіне зерттеуші жауап беретінін айтты.
Инновацияларды дамыту және ғылыми кадрларды даярлау департаментінің директоры Гүлзада Байымбетова болашақ ғалымдардың ғылыми-зерттеу қызметін жоспарлау, диссертациялық жұмыстың орындалу кезеңдерін жүйелеу, ғылыми нәтижелерді жариялау және тағылымдама бойынша сұрақтарына жауап берді. Бірінші курс докторанттары үшін бұл кездесу алдағы зерттеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындауға, диссертацияны дайындау талаптарын тереңірек түсінуге және ғылыми жарияланымдарды жоспарлауға ықпал ететіні сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы