ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР КӘСІПОДАҚ ТАРАПЫНАН МАРАПАТТАЛДЫ

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР КӘСІПОДАҚ ТАРАПЫНАН МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Абай университетінің бір топ қызметкері Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының марапатына ие болды. Білім мен ғылым саласының дамуына сүбелі үлес қосқан 60-тан астам маманға ұйымның құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табыс етілді.

Бұл марапат білім ордасындағы қызметкерлердің қажырлы еңбегіне, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі кәсіби шеберлігіне құрмет көрсетуге бағытталған. Марапаттау рәсіміне Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан мен университет қызметкерлері кәсіподағының төрағасы  Мұхтар Ботабайұлы қатысты.

– Бүгінгі марапат сіздердің әр күн сайын Абай университеті қабырғасында еткен еңбектеріңізге арналады. Педагогикалық қара шаңырақта студенттердің академиялық білім алуына, ұлттық тәрбиені бойына сіңіруіне аянбай қызмет етіп келесіздер. Осы еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деп ізгі тілегін білдірді проректор.

Жиында сөз алған университет кәсіподағының төрағасы Мұхтар Ботабайұлы ұйым тарапынан атқарылып жатқан әлеуметтік жобаларға кеңінен тоқталды. Қызметкерлердің денсаулығын нығайту мақсатында жыл сайынғы шипажайлар мен демалыс орындарына жолдама беру жүйелі жалғасып келе жатқанын алға тартты. Сондай-ақ алдағы уақытта мерейтой иелеріне қолдау көрсету тетіктері жетіле түсетінін және әр факультеттегі кәсіподақ өкілдерімен тығыз байланыс орнату арқылы қызметкерлердің өзекті мәселелері жедел шешімін табатынын жеткізді. Басшылық қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету және ұжымдық ынтымақтастықты нығайту бағытында бірлескен жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының мадақ қағаздары мен алғыс хаттары университеттің 63 қызметкеріне берілді. Олардың ішінде кәсіподақ жұмысын ілгерілеткендермен қатар, отандық ғылым-білім саласының дамуына да зор үлес қосқандар бар.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту