«KAZAKHSTAN FASHION WEEK» СӘН АПТАЛЫҒЫНДА СТУДЕНТІМІЗ АВТОРЛЫҚ ТОПТАМАСЫН ҰСЫНДЫ

«KAZAKHSTAN FASHION WEEK» СӘН АПТАЛЫҒЫНДА СТУДЕНТІМІЗ АВТОРЛЫҚ ТОПТАМАСЫН ҰСЫНДЫ

Абай университеті Өнер факультетінің 5-курс студенті Наталия Соколова сән индустриясында бірқатар жетістікке қол жеткізіп, халықаралық деңгейдегі сән көрсетілімдеріне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ол «New Generation Open Way» байқауының іріктеуінен өтіп, «Kazakhstan Fashion Week» сән апталығында авторлық топтамасын жұртшылық назарына ұсынды. Сондай-ақ халықаралық аренадағы «Georgia Fashion Week»-ке қатысуға жолдама алды.

«Сән-дизайн» мамандығында білім алушы Наталия 4-курстың күзгі семестрінен бастап сән индустриясына белсенді араласа бастаған. Бұған дейін жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысып, спорт шеберлігіне үміткер нормативін де орындаған. Шығармашылық қызығушылығы уақыт өте кәсіби бағытқа ұласып, дизайн саласын болашақ мамандығы ретінде таңдады.

– Алғашында шығармашылық мен үшін жай ғана хобби болатын. Алайда уақыт өте келе дизайнға деген қызығушылығым артып, осы саланы өмірлік кәсібім ретінде таңдағым келетінін түсіндім, – дейді студент.

Оның сән әлеміндегі маңызды қадамы 2025 жылдың күзінде «Kazakhstan Fashion Week» аясында өтетін «New Generation Open Way» байқауына қатысудан басталды. Байқау нәтижесінде ол Малайзияның Limkokwing University қабырғасында білім беру курсына қатысу мүмкіндігіне ие болып, «Zibroo» және «Alerma» компанияларымен өндірістік ынтымақтастық бойынша келісім орнатты.

2026 жылдың ақпан айында «New Generation Open Way» байқауына іріктеуінен сәтті өтіп, «SKYBORN» атты жаңа брендтік топтамасын әзірлеуге кіріскен. Аталған коллекцияны Қазақстан сән апталығының 39-маусымында көрсетіп, «Georgia Fashion Week» сән апталығына шақырту алды. Оның авторлық жинағы тұжырымдамалық тәсілді, айшықты сұлбаларды және пішінмен жасалған батыл эксперименттерді біріктіреді.

Топтаманың басты ерекшелігі – қара және ақ түстердің контрасті, фактуралды материалдар мен ерекше текстильдік шешімдер. Бұл элементтер классикалық пішім мен аванградтық эстетиканы ұштастыра отырып, заманауи әрі өзіндік ерекшелігі бар бейнені қалыптастырады.

Наталия Соколованың шығармашылығы сән индустриясындағы жеке авторлық көзқарасын, жаңа идеяларға ашықтығын және дизайнерлік ізденісін көрсетеді. Қазіргі уақытта студент білім  алумен қатар дипломдық жұмысын және Грузияның сән апталығына арналған жаңа топтамасын әзірлеу үстінде. Сондай-ақ желтоқсан айында өтетін «Kazakhstan Fashion Week Shymkent» сән апталығына қатысуды да жоспарлап отыр.

  «Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту