УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМЫ АЛМАТЫ ӘКІМДІГІНІҢ ҒЫЛЫМИ ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ

УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМЫ АЛМАТЫ ӘКІМДІГІНІҢ ҒЫЛЫМИ ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ

Абай университетінің зерттеушісі Салтанат Әшімова Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттық қаржыландыру конкурсында жеңімпаз атанды. Ғалымның «QazaqPatch: қауіпсіз жолдар мен жайлы өмір сүру ортасы үшін» жобасы байқауға ұсынылған 229 өтінімнің арасынан іріктеліп, грант иеленген 23 үздік ғылыми әзірлеменің қатарына енді.

Алматы қаласында ғылымды дамыту және ғылыми нәтижелерді қала инфрақұрылымына енгізуге бағытталған гранттық байқау алғаш рет өткізіліп отыр. Жалпы сомасы 348 млн теңгені құрайтын гранттық қаржыландыру қаланың әлеуметтік-экономикалық дамытуды, инновациялық шешімдерді қолдауды және ғылыми әзірлемелерді тәжірибеге енгізуді көздейді. Аталған байқау жеңімпаздарына сертификаттар 11 қараша күні Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің отырысында табысталды.

Байқауға түскен 229 өтінімнің ішінен 191 жоба алдын ала іріктеуден өтіп, авторлары бес апталық акселерациялық бағдарламаға қатысқан болатын. Қорытынды кезеңде сарапшылар ғылыми әзірлемелер жаңалығын, практикалық маңыздылығын, коммерцияландыру әлеуеті мен іске асыру мүмкіндіктерін бағалады. Конкурстық комиссия құрамында Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, ғылыми қауымдастық пен Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес мүшелері болды.

Абай университетінің зертеуші ғалымы Салтанат Жандарбекқызының «QazaqPatch» жобасы Алматы қаласының жол инфрақұрылымындағы ақауларды жөндеуге арналған инновациялық шешімді ұсынады. Оның басты ерекшелігі – жол төсеміндегі ақауларды ауыр техниканы қолданбай жөндеуге мүмкіндік беруінде болып отыр. Бұл әзірлеме жол жөндеу жұмыстарын жеңілдетіп, қалалық инфрақұрылымды күтіп ұстаудың тиімділігін арттырады. Жобаның жеңіске жетуі ғылыми әзірлеменің практикалық әлеуеті мен қала қажеттілігіне бейімделу мүмкіндігін көрсетеді.

Гранттық қаржыландыруға ие болған өзге де жобалар жер сілкінісін ерте анықтау, ауаның ластануын бақылау, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, қалалық инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу бағыттарын қамтиды. Ғалымдар су айдындарын тазарту, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық мониторинг жүргізу және денсаулық сақтау саласына арналған инновациялық шешімдерді де ұсынды. Бұдан бөлек ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысында ғылыми әзірлемелерді пилоттық режимде сынақтан өткізу, оларды жүзеге асыруға бизнес өкілдерін тарту және қосымша қолдау көрсету мәселелері қарастырылды.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту