БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНУДА

БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ САПАСЫН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНУДА

Бүгін Абай университетінде «Білім беру бағдарламаларының сапасы» тақырыбында Техникалық көмек миссиясы (TAM – Technical Assistance Mission) аясындағы екі күндік семинар басталды. Іс-шара Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі мен ҚР Жоғары білімді реформалау жөніндегі ұлттық сарапшылар тобының (HERE), сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттігінің (EACEA) қолдауымен өткізілуде.

Аталған семинарға еліміздегі жоғары оқу орындарының проректорлары, құрылымдық бөлім басшылары, аккредиттеу агенттіктерінің өкілдері, жұмыс берушілер, зерттеушілер және сарапшылар қатысып жатыр. Алқалы жиында білім беру бағдарламаларының сапасын жетілдірудің замануи тәсілдері зерделеніп, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін жоғары білім жүйесіне кіріктіру секілді адами капиталды дамытуға бағытталған өзекті тақырыптар талқылануда.

Абай университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры, HERE тобының мүшесі Бану Нарбекова семинарға модераторлық етті. Ол білім беру бағдарламаларын университет өз бетінше әзірлеу мүкіндігін айтып, яғни академиялық дербестік 8 жылдан асқанын алға тартты. Алайда, еңбек нарығының талаптары жылдам өзгеруіне байланысты, аккредитациядан өту мәліметтерін үнемі жетілдіріп, заманауи бағыттарға бейімдеу қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.

Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінен (ЕЖББК) арнайы шақырылған сарапшы Фабрис Энар білім беру сапасын қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесіне тоқталып, оны тұрақты бақылау мен бағалаудың маңызын атап өтті. Мәселен Шотландиядағы Глазго университетінің тәжірибесін негізге ала отырып, студенттердің академиялық көрсеткіштері мен сыртқы сарапшылар қорытындысы негізінде білім беру бағдарламаларын жүйелі жетілдіру тәсілдерін таныстырды. Оның айтуынша, бұл деректерді тұрақты талдау кемшіліктерін дер кезінде анықтап, ұзақ мерзімді тексеру кезеңін күтпей-ақ қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.

Семинар барысында Астана IT University Академиялық жұмыс жөніндегі проректоры Гульвира Ақыбаева сапа мәдениетін орнықтыру мен институционалдық жауапкершілікті күшейту бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ Qazaq AI зертеу университетінің өкілі Юлия Идиятова Қазақстандағы ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін дамытуға, басқару тетіктерінің тиімділігіне және ЖОО-лардың институционалдық дербестігіне тоқталды.

Практикалық бөлімде бірнеше топқа бөлінген қатысушылар сыртқы аккредиттеу мен ішкі сапа мәдениетінің өзара байланысы, студенттерді шешім қабылдау үдерісіне тарту бағыттары туралы дискуссия жасады. Түскі үзілістен кейін жалғасқан семинардың екінші сессиясында жоғары білімнің еңбек нарығының талабына сәйкестігі жайында сөз болды. Шетелдік сарапшы еуропалық тәсілдерді айтып, түлектердің жұмысқа орналасуы, жұмыс берушілермен өзара қатынас тәжірибесімен бөлісті.

Отандық сарапшылар да статистикалық деректерге сүйенген баяндамаларын ұсынып, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің қатысуымен практикалық жаттығулар өтті. Алғашқы күннің пленарлық отырысы қортындыланып, сұрақ-жауап пен негізгі тұжырымдар талқыланды.

Айта кетейік, семинардың екінші күнінде аккредитация, рейтингтер және сапаны сыртқы қамтамасыз ету бағыттары бойынша сексиялық жұмыстар жалғасын табады. Микробіліктіліктерді тану мен оның сапасын қамтамасыз етуде Еуропадағы соңғы үрдістер мен өзекті мәселелер сөз болмақ. Сондай-ақ лицензиялау және аккредитация жүйелерін Ұлттық біліктілік шеңберінде үйлестіру бойынша сарапшылардың ойлары тыңдалып, жол картасы әзірленеді.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту