11.11.2026
ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ: ПСИХОЛОГПЕН АШЫҚ СҰХБАТ
Жасөспірімдер мен жастар арасындағы құмар ойындарға тәуелділік қазіргі қоғамның күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Сондықтан ең алдымен жастардың салауатты өмір салты мен қызығушылығын дамытуға көңіл бөліп, психологиялық қолдау көрсету маңызды. Бүгін Абай университетінде «Жастар арасындағы құмар ойындарға тәуелділіктің психологиялық детерминанттары және оның алдын алу стратегиялары» тақырыбында психологпен профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шарада студенттер арасында лудоманияның қалыптасуына ықпал ететін психологиялық, әлеуметтік және мінез-құлықтық факторлар талданып, тәуелділіктің пайда болу механизмдері мен тұлғаның психоэмоциялық жағдайына, әлеуметтік қарым-қатынасына кері әсері туралы сөз болды. Кездесуде «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының» психологы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Іңкәр Қайратқызы студенттермен ашық диалог орнатып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Спикер құмар ойындарға тәуелділіктің психологиялық табиғатын, оның біртіндеп қалыптасу ерекшеліктерін және тәуелді мінез-құлықтың даму тетіктерін жан-жақты түсіндірді. Маманның айтуынша, құмар ойынға тәуелділіктің негізгі үш белгісі бар. Алғашында ойынға деген қызығушылық салдарынан өзін-өзі бақылау бұзылады. Содан кейін адам өміріндегі оқу, жұмыс, қарым-қатынас секілді әлеуметтік маңызды факторлар ығысып, ойын басымдыққа ие бола бастайды. Сәйкесінше бұл тәуелдікке апарып, қиындықтар туындаса да ойын ойнауды жалғастыра береді екен.
Психолог құмар ойынға алып келетін психологиялық детерминанттарға, яғни тәуелділікке душар ететін психологиялық факторлар мен себептер кешеніне тоқталды. Мәселен, эмоциялар мен тұлғалық ерекшеліктер адамды ойынға итермелесе, мидағы ойлау қателіктері сол ойынды «жеңемін» деген сенімді санаға бекіте түседі. Ал жеңіл олжаға құмарлық бұл процесті одан сайын ушықтырып, адамның «батпақтан» шыға алмай қалуына ықпал етеді. Осындай факторлар ұштасуы сананы жаулап алып, құмарлыққа әкеледі.
Профилактикалық кездесу студенттерге лудоманияны зиянды әдет ретінде ғана емес, адамның психологиялық және әлеуметтік өміріне тәуелділік тудыратынын түсіндірді. Ақпараттық-ағартушылық мақсаттағы іс-шара жастардың саналы таңдау жасап, жеке жауапкершілігін арттыруына ықпал етері анық.
«Abai University» медиа орталығы