11.11.2026
СТУДЕНТТЕР ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАРДЫ ИЕЛЕНДІ
Абай университетінің студенттері бокстан және каратэден өткен республикалық чемпионатта жүлдегер атанды. Спорттық додада топ жарған білім алушылар кәсіби шеберлігін көрсетіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Мәселен, ел біріншілігінде бірінші курс студенті Азиза Исина әйелдер арасында бокстан күміс жүлдегер атанса, каратэден 84 келіден жоғары салмақта 3-курс студенті Санжар Аянұлы қола жүлдені қанжығасына байлады.
2026 жылдың 30 қазаны мен 6 қараша аралығында Тараз қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты өтті. Ерлер мен әйелдер арасындағы додаға еліміздің 20 өңірінен 369 үміткер 20 салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Шаршы алаңдағы шыңдалған шеберлігін танытқан жеңімпаздар қатарында Абай университетінің білім алушылары да бар.
Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің бірінші курс студенті Азиза Исина күміс жүлдені иеленсе, осы факультеттің екінші курс студенті Әсел Тоқтасын қола жүлдегер атанды. Білім алушылар республикалық додада сәтті өнер көрсетіп, 400-ге жуық қатысушылар арасынан оқ бойы озық шығуын үлкен жетістік ретінде бағалау керек.
Сонымен қатар Астана қаласында каратэден (WKF) ересектер арасында да ел біріншілігі өткен болатын. Онда жекелей және командалық есепте Қазақстанның 15 өңірінен 150-ге жуық спортшы сайысқа түсті. Аталған спорттық жарыста Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің 3-курс студенті Санжар Аянұлы кумитэ бағдарламасында 84 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Бұл жеңіс – Абай университеті студенттерінің спорттық салада да басым бағытын айқындайды. Қара шаңырақтың білім алушыларды кәсіби дамытумен қатар, спорттағы жетістіктерін де айрықша қолдауының айқын жемісі. Жас спортшылар республикалық сайыстағы жетістігі білім ордасының беделін арттырып, жастардың спортқа деген ынтасын шыңдай түсетіні анық.
«Abаi University» медиа орталығы